CҚО-да Нұрсұлтан есімді 19 полиция қызметкері еңбек етеді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін алған полицияның 19 қызметкері еңбек етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан есімді тәртіп сақшыларының барлығы – тәулсіздіктің алғашқы жылдарында өмірге келген, жастары 25 пен 30 аралығында. Араларындағы ең жасы Нұрсұлтан Қанғожин Көші-қон қызметі басқармасының заңсыз көші-қонмен күрес арнайы жеке взводының кіші инспекторы. 23 жастағы жігіт полиция қызметін осы салада бірнеше жыл еңбек еткен әке жолын жалғамаққа таңдапты.

«Біздің шаңырағымызда Елбасын қатты құрметтейді. Сол кісі сияқты білімді, әділ, сыйлы болсын деп менің атымды әжем қойған», - дейді Нұрсұлтан Қанғожин.
Нұрсұлтанның атасы белгілі журналист, жазушы, ақын Мүталлап Қанғожин. Тұңғыш Президенттің облысқа сапарлары барысында Елбасымен талай кездесіп, тіпті оған арнаған өлеңін де оқыған. Кітабын да сыйға тартыпты.

«Атам маған үнемі Елбасын үлгі етіп, «сол сияқты көреген бол, күш-қайратыңды, біліміңді елің үшін, халқың үшін жұмса» деп үнемі айтып отырады. Әкем ерте жүрек талмасынан қайтыс болды. Үлкен атам Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысып, 1942 жылы Тверь облысында хабарсыз кетті. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы маған ғана емес, барлық әріптестеріме Отанға адал қызмет етудің үлгісі», - дейді Нұрсұлтан.
Облыстың ішкі істер органдарында қазір Елбасының 18 аттасы қызмет атқарып жүр.