Coca-Cola АҚШ-та 750 жұмыс орнын қысқартады
АСТАНА. 23 наурыз. ҚазАқпарат - Алкогольсіз сусындарды өндіруші Coca-Cola компаниясы АҚШ-тағы қызметкерлер санын қайта құрмақ ойда.
Бұл үшін америкалық кәсіпорындарда 750 жұмыс орны қысқартылатын болады, деп хабарлады France 24.
Жұмыстан шығарылуға жататын қызметкерлердің төрттен бір бөлігінен астамы қазіргі уақытта ұйымның Джорджия штатының Атланта қаласындағы штаб-пәтерінде жұмыс істеуде. Компания жұмыскерлерді қысқарту сонау 2010 жылы бүкіл солтүстікамерикалық нарықтағы басқару жүйесін біріктіру бойынша қабылданған бағдарламаның аясында өткізіліп отырғанын түсіндірді. Оны іске асырудан жыл сайын 550-ден 650 млн. долларға дейін үнемделеді деп күтілуде.
Coca-Cola компаниясы 1886 жылы құрылды және ол әлемдегі алкогольсіз сусындарды шығаратын ең ірі компания болып табылады. Оның өнімдері 200-ден астам елде сатылады. Компанияның портфолиосына 3,5 мыңнан астам түрлі өнімдер кіреді, соның ішінде Coca-Cola, Fanta, Sprite газдалған сусындары, Minute Maid лимонадтары, Burn энергетикалық сусыны, BonAqua минералды суы бар. Coca-Cola бренді ғаламшардағы ең танымал тауарлық белгі болып табылады. Coca-Cola Co.-ның 2012 жылғы таза пайдасы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға, яғни 9,02 млрд. долларға дейін өсті.