Costa Concordia круиздік кемесін су бетіне шығару жұмыстары барысында сүңгуір қаза тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Батып кеткен Costa Concordia круиздік кемесін су бетіне шығару жұмыстары барысында сүңгуір қаза тапты. Бұл туралы шетелдік БАҚ хабарлауда.
Қаза тапқан Испания азаматы кемені су бетіне шығару жұмыстарын жүргізіп жатқан Underwater Contractors Spain компаниясының қызметкері. Оның аты-жөні әзірше хабарланып отырған жоқ. Алдын ала мәліметтер бойынша оның мерт болуына тосын оқиға себеп болған. Сүңгуір металл темірге аяғын кесіп алып,соның салдарынан су бетіне жүзіп шыға алмаған. Ал әріптестері көмекке келген кезде ол көп қан жоғалтқан.
Еске сала кетсек, 4200 жолаушысы мен экипаж мүшелері бар Costa Concordia кемесі 2012 жылдың 13 қаңтарында Жерорта теңізінде жүзіп бара жатқан кезінде Джильоға жақын маңда рифке соғылған еді. Апат салдарынан 32 адам опат болды.