Cот орындаушылары өткен тоғыз айдағы жұмыс барысын қорытындылады

АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Әділет министрлігінде өткен алқалы жиын барысында Сот актілерін орындау комитеті мен «Би - Логистикс» АҚ өздерінің өткен тоғыз ай бойы атқарған жұмыстарын қорытындылады.

Cот орындаушылары өткен тоғыз айдағы жұмыс барысын қорытындылады

Жиынға Сот актілерін орындау комитеті мен «Би - Логистикс» АҚ-ның барлық аумақтық бөлімдері онлайн режимінде қатысты.

Жиын жұмысын Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев ашып, басқарып отырды.

Отырыстың күн тәртібіне қойылған мәсеелер бойынша алдымен Сот актілерін орындау комитеті төрағасының орынбасарлары Ә. Ақжанов пен С. Тоғаевтың баяндамалары тыңдалды.

Баяндамалар барысында атқарушылық өндірістің орындалу көрсеткіштерінің өткен жылмен салыстырғанда өсіп, 79,8 % жеткені, сонымен қатар Елбасы бастамасымен көтерілген жеке сот орындаушылары институтын енгізу бойынша үлкен жұмыстың атқарылып, алдағы жылдан бастап бүкіл атқарушылық өндірістің 10%-ын жеке сот орындаушыларына беру жоспарланып отырғандығы айтылды.

Комитет басшылығының есебіне сәйкес сот орындаушылары ағымдағы жылдың соңына дейін жаңа жұмыс киімімен қамтамасыз етіліп, сонымен қатар едәуір деңгейде автокөліктермен қамту жайының да оң шешімін табатындығы айтылды.

Күн тәртібінде жоспарланған есептік баяндамалардан кейін аумақтық бөлімдердің атқарған жұмыстары тыңдалып, орын алған бірқатар мәселелер талқыға салынды.

Алқалы жиынды қорытындылаған министр орынбасары Ә. Аманбаев Әділет министрлігі құрамына енгелі көп уақыт өтпеген құзырлы органның жұмысында әлі де шешімін таппаған мәселелерінің бар екендігін көрсетіп, жекелеген олқылықтарды жою бойынша нақты тапсырмалар берді.

Жиынға қатысушылар берілген тапсырмаларды жыл соңына дейін атқаруға уағдаласты