Cот вайнер Мейіржан Төребаевты тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстырды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сот жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдын ала тыңдау барысында Алмалы аудандық сотының судьясы Кәмшат Саурова Мейіржан Төребаевтың мүддесі үшін адвокаттың бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру жөніндегі арызын қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

Мейіржан Төребаевқа тұрғылықты жерінен кетуге, әлеуметтік желілерді пайдалануға және баспасөзбен сөйлесуге тыйым салынды.

Сот Мейірхан Шерниязовқа және басқа да тұлғаларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдырды.

Бұған дейін Мейіржан Төребаев істі прокурорға қайтаруды, ал қорғаушысы бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуді сұраған болатын.

Кейінгі отырыста мемлекеттік айыптаушы, прокурор Ерлан Құланбаев қылмыстық істі тоқтатуға негіз жоқ екенін айтқан еді.

Айта кетейік, 12 желтоқсанда қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған танымал вайнерлердің ісі сотқа жолданған болатын.

Қаржы пирамидасы ісі бойынша, А. Ораз пен А. Саидбаевқа халықаралық іздеу жарияланған.

Қадағалау органының мәліметінше, қылмыстық істің негізінде 41 жылжымайтын мүлікке, 3 автокөлікке, 9 банк шотына және 16 компанияның жарғылық капиталындағы әртүрлі үлестерге тыйым салынды.

Еске салайық, Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі бойынша айып тақты.

Кейіннен Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов ұсталған болатын.

Фото: instagram.com/meirzhach_tv
Соңғы жаңалықтар