Coursera-дағы курстардың 40%-ы қазақ тілінде қолжетімді
АСТАНА. KAZINFORM — Coursera платформасында қазақ тілінде қолжетімді курстар саны 8 мыңнан асты. Бұл — ондағы барлық курстың шамамен 40%-ын құрайды.
Мұндай деректі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен OpenAI компаниясының бірлескен жобасының нәтижелерін таныстыру кезінде Bilim Upskill компаниясының атқарушы директоры Әсел Мұхамеджанова айтты.
Оның сөзінше, «Coursera — қазақ тілінде» жобасы 2023 жылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен бастау алған. Жобаға алғашқы болып еліміздің өңірлеріндегі 25 университет қосылған.
— Біздің басты мақсатымыз — студенттерге әлемнің үздік университеттері мен компаниялары әзірлеген сапалы білімді қазақ тілінде алуға мүмкіндік жасау. Біз тек Алматы мен Астанамен шектелмей, барлық облысты қамтыдық. Себебі сапалы білім адамның тұратын жеріне байланысты болмауы керек, — деді Әсел Мұхамеджанова.
Оның мәліметінше, жобаның алғашқы жылында 102 курс қазақ тіліне аударылып, 4,5 мыңға жуық курсқа қазақша субтитр қосылды. 2024 жылы бастамаға Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдау көрсетіп, жобаға қатысатын жоғары оқу орындарының саны 93-ке жетті. Сол жылы тағы 20 курс қазақ тіліне аударылды.
Ал 2025 жылдан бастап Coursera курстарына қазақ тіліндегі дубляж енгізілді. Сондай-ақ қазақ тілі платформадағы контент аударылатын 40 тілдің қатарына қосылды.
— Бұл нені білдіреді? Енді қазақ тіліндегі контентті тек біздің команда ғана аудармайды. Жаңа курстар Coursera технологиялары арқылы да қазақ тілінде қолжетімді болады. Бүгінде жобаға 100 университет қатысады, — деді компанияның атқарушы директоры.
Әсел Мұхамеджанованың сөзінше, жобаның мақсаты курстарды қазақшаға аударумен ғана шектелмейді. Coursera курстары қазақстандық университеттердің оқу бағдарламаларына енгізіліп, студенттердің нәтижесі академиялық кредит ретінде есептелінеді.
Үш жылда 267 мыңнан астам адам кемінде бір курсты аяқтап, 600 мыңға жуық сертификат алған. Оның 140 мыңнан астамы қазақ тіліндегі курстар бойынша берілген. Сондай-ақ Coursera курстары бойынша 211 мыңнан астам академиялық кредит есептелген.
Оның дерегінше, қазақстандық университеттер де Coursera платформасына өз контентін шығарып жатыр. Қазір 18 отандық университеттің 40 авторлық курсы платформада жарияланған. Оның жартысы қазақ тілінде. Бұл курстарға 15 мыңнан астам студент тіркеліп, 11 мыңнан астам сертификат берілген.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Coursera шешімі негізінде ұлттық цифрлық білім беру платформасын құратыны хабарланған еді.