COVID-19: 1 наурыздан бастап Еуропа елдерінде коронавирус шектеулері жеңілдейді
ДДҰ-ның мәліметі бойынша, қазіргі уақытта әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 430 миллионнан асқан, ал індеттен қайтыс болғандар саны 6 миллионға жуықтап отыр. Әлемдегі және Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай және вакциналау шаралары туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны 21%-ға төмендеді. Аурудың төмендеуі 215 елдің 180-інде, оның ішінде Қазақстанда да байқалып отыр. Ал ауру салдарынан болатын өлім-жітім саны 8%-ға төмендеген.
Коронавирус жұқтырғандар саны 20 миллионнан асқан мемлекеттер қатарына АҚШ, Үндістан және Бразилия кіреді. Соның ішінде, АҚШ вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны бойынша әлі көш басында тұр. Ресми мәліметтерге сәйкес, АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны 78,79 млн адамға жеткен. Ал қайтыс болғандар саны 944 831 адамды құрады. Үндістан мемлекетінде расталған жағдайлардың саны 42 894 миллионға жетті, ал вирус жұқтыру салдарынан көз жұмғандар саны 513 226 адамды құрайды. Бразилияда 28 589 миллион адам вирус жұқтырып, оның ішінде 647 703 адам қайтыс болды.
Worldometer порталының деректеріне сәйкес, бүгін әлемнің 1 млн тұрғынына шаққандағы өлім-жітім коэффициенті 763,1-ді құрады. Нақтырақ айтқанда, АҚШ-та 1 миллион тұрғынға шаққанда 2901 адам, Үндістанда – 366 адам, Бразилияда - 3011 адам қайтыс болған.
Чехияда 1 наурыздан бастап бұқаралық іс-шараларға қатысушылардың санына қойылған шектеулер алынып тасталады. Шектеулерді алып тастаудың келесі кезеңі 13 наурызға жоспарланған.
Польша билігі 1 наурыздан бастап коронавирус шектеулерінің көпшілігін алып тастайды. Алайда, адамдар арасындағы әлеуметтік қашықтық сақталмайтын жерлерде бетперде режимі, оқшаулану және карантин шаралары сақталады.
Италия ауруханаларына коронавирус жұқтырған науқастар саны 16,2% - ға азайған. 25 ақпандағы мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырған 154 013 адам көз жұмған. Қайтыс болғандар мен сауығып кеткендерді есепке алғанда, індеттің бүкіл кезеңінде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 12 651 251 адам, бұл ел халқының 21%-дан астамын құрайды. Елде 1 наурыздан бастап барлық шетелдік азаматтар үшін карантин алынып тасталады. Италия аумағына кіру үшін вакциналау құжаты, коронавирусқа теріс тест нәтижесі ғана қажет.
Пандемия басталғаннан бері Грузияда коронавирустан қайтыс болғандардың саны 16 мыңнан асты. Оның 5 096-сы (науқастардың жалпы санының 4% - дан астамы) ауруханаларда емделуде. 1 125 науқастың жағдайы ауыр, 287 ӨЖЖ аппараттарына қосылған.
Молдовада соңғы тәулікте 1129 адамда коронавирус анықталды. Осылайша, елде пандемия басталғалы бері індетті жұқтырғандар саны 499 мыңға жетті. Коронавирус тудырған асқынулардан 21 адам көз жұмды (барлығы 11 157 адам). Елдегі ауруханаларда 1430 адам коронавирустан емделіп жатыр. Сонымен қатар 142 науқастың жағдайы өте ауыр, 7 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Тағы 10 267 адам үй жағдайында емделіп жатыр.
Кореяда бір күнде 170 мың адамнан коронавирус анықталды. Эпидемиологтар вирустың күрт өсуін қаңтар айының ортасынан бастап «омикрон» штамын жұқтырушылар саны басым болуымен түсіндіреді. Қазіргі таңда елде 480 жұқтырған адам өте ауыр жағдайда емделуде. Сондай-ақ 5 жастан 11 жасқа дейінгі балаларды иммундау үшін «Pfizer» препаратын қолдану мақұлданды. Тұрғындардың 86%-дан астамы екпе алған.
Әлем елдерінде вакциналау қалай жүріп жатыр
Еуропалық дәрілік заттар агенттігі (EMA) қажет болған жағдайда 12 жастан асқан жасөспірімдерге «Comirnaty» вакцинасының бустерлік дозасын енгізу жөніндегі ұсынысты мақұлдады.
«Our world in data» зерттеу ұйымының дерегінше, бүгінде әлем халқының 62,6%-ы COVID-19 вакцинасының кем дегенде бір дозасын алды. Ал дүниежүзі бойынша 10,67 миллиард доза қолданылған. Қазіргі таңда күніне 30,92 миллион доза егіледі. Табысы төмен елдердегі адамдардың тек 12,3%-ы ғана кем дегенде бір дозаны қабылдаған.
Төмендегі диаграммада әлем бойынша вакцинаның тек бірінші дозасын алғандар мен толықтай вакцинацияланған мемлекеттердің деректері пайызбен көрсетілген.

Диаграммаға көз салсақ, әлем бойынша толықтай вакцина алған елдердің алғашқы үштігінде Араб Әмірлігі, Португалия және Куба мемлекеттері тұр. Араб әмірлігінде халықтың 99%-ы вакцинаның алғашқы дозасын алса, Португалияда - 95%-ы, Кубада халықтың 94%-ына бірінші дозасы егілген.
Ал халқының ең аз бөлігі вакцина алған елдер қатарына Африка елдері, атап айтсақ, Египет, Эфиопия және Нигерия кіреді.

Сондай-ақ, жоғарыдағы кестеге COVID-19 қарсы күнділікті вакцинасының толық дозасын алған елдер көрсетілген. Олардың үштігінде Үндістан, АҚШ және Индонезия мемлекеттері орналасқан.
Қазақстанда «қызыл» аймақта ешбір өңір қалған жоқ.
Елімізде 25 ақпандағы жағдай бойынша, коронавирустан 24 778 адам (23 689 КВИ+ және 1 089 КВИ-) емделіп жатыр, оның ішінде 3 054 науқас стационарда, 21 724 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.
Қазіргі таңда коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін 9 374 285 адам, II компонентін 8 972 423 адам салдырды.
Айта кетейік, Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәлімдеуінше, елімізде қоронавирус жұқтырған «қызыл мәртебесі» бар адамдар үшін карантин кезеңі 14 күннен 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл статус COVID-19-ға ПТР-тестілеудің оң нәтижесі алынған сәттен бастап 10 күн өткенге дейін сақталады. 10 күн өткеннен кейін бұл адамдар осы уақыт кезеңінде COVID-19-ға ПТР-тестілеудің оң нәтижесін алуына қарамастан, соңғы 3 ай бойы сақталатын «жасыл» мәртебеге ауыстырылады.
Венера Жоламанқызы