COVID-19 әйелдің денсаулығы мен жүктілігіне қалай әсер етеді - сарапшы пікірі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирустық инфекция өкпеге ғана емес, сонымен қатар өзге де ағзаларға, атап айтқанда тамыр жүйесінің жұмысына теріс әсер етуі мүмкін. Әсіресе жүкті әйелдер үшін инфекция айтарлықтай қауіпті, жатырдағы нәрестенің қатып қалуына дейін жеткізуі мүмкін. Сәби аман қалғанның өзінде инфекция балаға берілуі ғажап емес. Осы және өзге де қауіп туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас акушер-гинекологы, «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы, жоғары санатты акушер-гинеколог Динара Мирзахметова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Дәрігердің айтуынша, АҚШ-та жүргізілген зерттеулер онда балалардың 6%-ы COVID-19-бен туғанын көрсетеді.
«Бұл инфекция оңай емес, өте күрделі және көптеген қиындығы бар. COVID-19 инфекциясының орташа, ауыр және өте ауыр түріндегі жүкті әйелдердің жалпы жай-күйін бағалау және стационарлық көмек көрсету үшін мүмкіндігінше көпбейінді стационарлардың босандыру бөлімшелеріне шұғыл жатқызу қажет. Жүкті әйелдердегі барлық пневмонияларды иммуносупрессия және жүкті әйелдерге тән физиологиялық гиперкоагуляция ерекшеліктерін ескере отырып, бірден ауыр деп бағалау керек. Зерттеу нәтижелерін бағалаумен бірге жағдайдың сапалы мониторингін қамтамасыз ету қажет», – деп атап өтті Динара Мирзахметова.
Ол акушерлік әдіс жеке әрі жүкті әйелдің жағдайының ауырлығымен, ұрықтың функционалды жағдайымен анықталатынын атап өтті. Бұл ретте мұндай пациенттерді емдеу көпбейінді стационарларда жүргізілуі тиіс.
«Егер КВИ кейбір жаман әдеттің, жүрек-тамыр, тыныс алу жүйесі ауруларының, семіздіктің аясында пайда болса, асқынулар жиі кездеседі. COVID-19 бар әйелдердің 90%-ында мерзімінен бұрын босану болды. Бұл Қазақстандағы жағдай. Коронавирус мерзімінен бұрын босануды 22 есе арттырады, әйелдер реанимация бөліміне 7 есе жиі түседі, өкпенің жасанды желдетуіне 14 есе жиі жатқызылады және ана өлімінің қаупі 14 есе көп», - деп статистиканы келтірді дәрігер.
Оның айтуынша, қазір жүкті әйелдерді вакцинациялау мәселесі қызу талқыланып жатыр. КВИ көптеген асқынуларға ие болғандықтан, тек вакцина инфекцияның ағзаға зиянды әсерін жеңе алады.