Covid-19 пен пневмония біріктірілді, енді мазмұнды жұмыс болады - Ерболат Дәленов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілетін болды. Осыған қатысты «Астана» медициналық университетінің профилактикалық медицина және тамақтану кафедрасының меңгерушісі Ерболат Дәленов пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Covid-19 пен пневмония біріктірілді, енді мазмұнды жұмыс болады - Ерболат Дәленов

«Денсаулық сақтау министрінің осындай шешім шығарғаны дұрыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да жазды күні болатын пневмонияның 80-90%-ы коронавирус екенін айтқан болатын. Соvid-19 пен пневмония бір ауру болғандықтан емдеу жолы да бірдей болуы керек. Емдеу жолы бірдей болғанда ғана дертті жеңе аламыз», - дейді Ерболат Дәленов.

Оның айтуынша, бұдан кейін мазмұнды әрі дұрыс жұмыс болады.

«Бұл пневмонияның қарапайым пневмониядан айырмашылығы - дене қызуы болмайтындықтан өкпе қабынып, қызметін тоқтатқанын адам сезбей қалады. Дене қызуы 38-39 болған кезде пирогенді заттар бөлінеді. Ол жақсы бөлінсе адамды табиғи жолмен аман алып қалады. Иммунитеті әлсіз адамда пирогенді заттар аз бөлініп, пневмонияға айналып кетеді», - дейді ол.

Еске сала кетейік, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіруді міндеттеген болатын. Бүгін Қазақстанда коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілетіні хабарланды.