COVID-19: Тағы 5 млн америкалық жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өтініш берген

НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – Экономикалық жаңалықтар көрсетіп отырғандай, Америка экономикасы соңғы онжылдықтағы ең қиын дағдарысқа кіріп келеді.

COVID-19: Тағы 5 млн америкалық жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өтініш берген

АҚШ-та тағы 5 млн азамат өткен аптада жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өтініш берген. Соның салдарынан өткен айда Covid-19 байланысты карантин режимі енгізілген сәттен бастап жұмыстан босатылғандар саны 22 млн-нан асып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Guardian -ге сілтеме жасап.

Сарапшылар Америкадағы жұмыссыздық деңгейі 15%-ға өскен деп болжап отыр және бұл көрсеткіш алдағы апталарда өсуі мүмкін.

Өткен айда елде баспана құрылысы бірден 22%-ға қысқарған.

Morgan Stanley мен BlackRock соңғы тоқсанда табыстың бірден төмендегенін жариялады, себебі акциялар құны арзандап, мәміле саны қысқарған.

Ұлыбританияда Англия банкінің сарапшылары Ұлыбритания экономикасының Covid-19 пандемиясы салдарынан «өте қатты» зардап шегетінін ескертті.

Экономистер қатаң оқшаулану режимі тағы бірнеше айға созылса, Ұлыбританияда да жұмыссыздық деңгейі 15%-ға жететінін болжап отыр.

Елде өткен айда тұрмыстық қажетті тауарлар бағасы 4,4%-ға өскен.