COVID-19: Түркістан облысында оқу жылы басталғалы бері 326 оқушы инфекциямен ауырған
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысында оқу жылы басталғалы 326 бала мектепте білім алып жүріп COVID-19 инфекциясымен ауырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі кезде облыстағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Қазан айында коронавирус инфекциясының 933, қараша айында 421 жағдайы тіркелген. Яғни, салыстырмалы түрде аурушаңдық 512-ге азайып отыр.
Ал, соңғы тәулікте COVID-19 вирусын жұқтырған 9 науқас тіркелді. Ал, жаңа оқу жылы басталғалы 326 бала мектепте білім алып жүріп COVID-19 инфекциясымен ауырған.
«Ата-аналар балаларын маусымдық тұмау ауруынан қорғауы керек. Арнайы екпе алған дұрыс. Балалары жөтеліп немесе қызуы көтеріліп тұрғанда мектепке, балабақшаға жібермеуді сұраймыз. Себебі кейбір ата-аналар «жай жөтел» деп қарап ауруын асқындырып алуы мүмкін, екіншіден айналасындағы өзі сияқты иммунитеті төмен бірнеше балаларға жұқтыруы ықтимал», - деді Түркістан облысының санитариялық -эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов.
Бүгінгі таңда облыста карантин талаптарының сақталуына бақылау жүргізетін 120 мониторинг тобы жұмыс істейді. Жыл басынан бері 4 714 карантин талаптарын бұзу анықталып, 264,5 млн теңг көлемінде айыпұл салынған.
«Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес 27 қыркүйектен бастап 100 адамнан асырмай отбасылық іс-шара өткізуге рұқсат берілген. Дегенмен, бұл шектеуге қарамастан өңір тұрғындарының көпшілігі 100 адамнан асырып мерекелік іс-шараларды өткізіп жатыр. Бұл өз кезегінде коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін жоғарылатады. Мәселен, рұқсат етілген қыркүйек айынан бері 7 той анықталды», - деді Асқар Ысқақов.