COVID-19 жұқтырғандар үш түрлі хаттамамен емделеді - Бақыт Көшерова

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде коронавирус инфекциясына қатысты жағдай тұрақтанды. Сонымен қатар, әлемнің бірқатар елінде індеттің жаңа толқыны басталғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Қазақстанда алдын алу шаралары аясында тиісті қадамдар жасалып жатыр. Бұл тұрғыда COVID-19 індетінен отандық медицина қалай емдеп жатқаны туралы Қарағанды медицина университетінің проректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақыт Көшеровадан сұрап білдік.

COVID-19 жұқтырғандар үш түрлі хаттамамен емделеді - Бақыт Көшерова

- Бақыт Нұрғалиқызы, қазақстандық БАҚ-тарда COVID-19-дан емдеудің жаңа хаттамалары жайында жиі хабарланады. Бұл хаттаманың маңызы неде?

- Шынымен де, коронавирус инфекциясынан емдеудің біздің хаттамамыз жаңарып отырады. Бұл жайында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары да түсінік берген еді. Атап айтқанда. Барша әлемде тұрақты жүргізіліп жатқан зерттеулер нәтижесінде хаттамалар қарқынды түрде өзектендіріледі.

Бұл инфекция алғаш рет өткен жылдың соңында пайда болғандықтан, хаттамаларды жаңарту қажетті болып отыр. Қазақстанда індеттің алғашқы оқиғасы биыл наурызда тіркелген еді. Ал бірінші хаттама 3 ақпанда әзірленіп, содан бері 12 рет өзектендірілді. Біздің ғалымдар үнемі ғылыми басылымдардағы мақалаларды қарап отырады. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, хаттамаға түзетулер енгізіледі. Бұл өз кезегінде COVID-19-ға шалдыққан науқастарды емдеудің тиімділігін арттыру үшін керек.

- COVID-19- дан емдеу үшін қандай дәрілік препараттар қамтылып келеді?

- Жалпы, ем-дом жасау әдісі үнемі жетілдіріледі. Ғалымдардың талқылауы бойынша қорытынды келісімге сүйеніп, ұсынылған препараттарды аламыз. Қазіргі кезде індетке қарсы барлық препараттар зерттеу кезіңінде екені түсінікті. Сәйкесінше, қазіргі кезде осы препараттардың арасында қайсысы ең тиімді екенін ешкім де нақты айта алмайды. Өткен жылдың соңында коронавирус пандемиясы енді ғана басталған кезде жарияланымдарда «полинавер» мен «ремдесивир» препараттарының жоғары тиімділігі туралы хабарланған еді. Шын мәнінде олар коронавирустың ухандық штамына қатысты тиімді болды. COVID-19 вирусында үш штамм белгілі, яғни ухандық, итальяндық әрі американдық. Бұларда түрлі препараттарға қатысты сезімталдық әртүрлі болып тұр.

Еуропада коронавирустың итальяндық штамымен болған ауруды «гидроксихлорохин» препаратымен емдеудің сәтті тәжірибесі туралы жарияланды. Қазақстандағы зерттеулер нәтижесінде ел аумағында ухандық және итальяндық штамдар таралғаны дәлелденді. Сондықтан бұл препараттар өзінің тиімділігін көрсетті.

Дегенмен де жаңа ғылыми жаңалықтар негізінде вирус мутацияға ұшырайтыны, аталған препараттарға төзімділігі қалыптасатыны анықталды. Сәйкесінше, емдеу хаттамасы да өзгеретіні белгілі.

Жалпы, препараттарды тағайындау аурудың ауырлығына қарай бағалау нәтижесі бойынша жүргізілуі керек. Бұл бағытта тек емдейтін дәрігер шешім жасайды.

- Демек, емдеу хаттамалары әлі де жаңарады ғой?

- Әрине, ғылыми зерттеу нәтижелеріне қарай олар өзгеріске ұшырайтыны анық. Қазіргі кезде Қазақстанда жаңа үш хаттама әзірленіп жатыр, яғни ересектерге, балаларға және жүкті әйелдерге арналған. Балаларға үшін ескерілген хаттамада мультижүйелі қабыну синдромы немесе Кавасаки тәрізді синдром енгізілді. Бұл ауру коронавирус инфекциясынан кейін асқыну белгісі ретінде байқалады.