ЦСКА-дан жеңілген «Барыстың» ҚХЛ кестесіндегі жағдайы қандай
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық «Барыс» мәскеулік ЦСКА-дан жеңілгеннен кейін Құрлықтық хоккей лигасының кестесінде қандай орынға жайғасты?
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Барыс» өз айдынында мәскеулік ЦСКА-ны қабылдап, 3:0 есебімен ойсырай жеңілді.
Қонақтар сапында шайбаны Богдан Киселевич (40-минутта), Михаил Григоренко (53-минутта) және Кирилл Капризов (59-минутта) соқты. Осылайша, «Барыста» 30 ұпай қалды және ол лиганың Шығыс конференциясында төртінші орынға орналасты. Көшбасшы клуб – Қазанның «Ақ Барысынан» жеті ұпай артта қалып отыр. Чернышевтің дивизионында Андрей Скабелканың командасы Омскінің «Авангардынан» кейін екінші орынға жайғасты.
Ендігіде ҚХЛ-да үзіліс. Елордалық клуб келесі матчын 12 қараша күні Череповецте «Северстальға» қарсы өткізеді.