CTS автобус жолаушыларына маңызды мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM – CTS көлік компаниясы автобустағы жоғалған заттарға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

CTS көлік компаниясы қала тұрғындары мен қонақтарына хабарландыруында автобустан табылған барлық затты жүргізушіге тапсыру керек екенін баса айтқан. Әр автобустың салонында 4-тен 8-ге дейін бейнебақылау камерасы орнатылғанын, жолаушылардың кіру/шығуынан бөлек, камералар дыбысты да жазатынын хабарлаған.
Қаладағы қоғамдық көліктердің бірінде жуырда әйел адам ұялы телефонын ұмытып кеткен. Ол бір аялдамадан кейін қайтып оралғанда смартфон орнында болмаған. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін CTS көлік компаниясы жолаушыларға мұқият болуды, өзгенің мүлкіне қол сұқпауды, жоғалған дүниені көрген жағдайда автобус жүргізушісіне тапсыруды ескерткен.
«Құрметті жолаушылар, автобус салонында сөмке, телефон және басқа да заттар табылған кезде оларды жүргізушіге тапсыруларыңызды сұраймыз. Өз затын ұмыт қалдырған адам оған міндетті түрде оралатыны анық. Өйткені оған өзінің заты аса қажет екені белгілі. Ал, жүргізуші өз кезегінде ауысым аяқталғаннан кейін табылған затты автобус паркінің диспетчеріне тапсырады», - делінген компания хабарламасында.