Цунами әкеткен жапондық траулер бір жылдан кейін Канада жағалауынан табылды

АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - Өткен жылы қуатты цунами ағызып әкеткен жапондық траулер Канаданың Британдық Колумбия провинциясынан табылды, деп хабарлады CNN.

Цунами әкеткен жапондық траулер бір жылдан кейін Канада жағалауынан табылды

Виктория қаласындағы құтқару операцияларын үйлестіру орталығы өкілінің айтуынша, кеме тоттанған, бірақ жай-күйі жаман емес.

Бүгінде бұл траулер Шарлотта патшайым аралдарынан 200 шақырымдай жерде тұр. Оны алдымен  әскери әуе торуылшылары байқаған. Жапонияның жағалаулық күзет қызметкерлері кеменің иесін де тапты. Балықшылар траулері Хонсю аралының солтүстігіндегі Аомори префектурасынікі болып шықты.

Әзірше канадалықтардың кемеге қатысты жоспарлары хабарланбаған. Мамандар траулерден май ағып кетпеуіне бақылау орнатқан.

Траулерді Жапония жағалауындағы толқындарды 10 метр биіктікке дейін көтерген цунами алып кеткен. Сол цунами кезінде 9 баллдық жер сілкінісі болып, кемінде 19 мың адам құрбан болған еді. Мыңға тарта адам әлі хабар-ошарсыз кетіп отыр.