16:47, 12 Қаңтар 2009 | GMT +5
Д.А. Қонаев мұражайына оның жеке автокөлігі табыс етілді
АЛМАТЫ. Қаңтардың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Бүгін Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 97 жылдығына орай өткен салтанатты шара барысында оның жеке автокөлігі мұражайға табыс етілді. Оны саяси қайраткердің туыстары сыйға тартып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Д. Қонаев мұражайының директоры Болысбек Батталхановтың айтуынша, аталмыш тарихи жәдігер ең құнды экспонаттың біріне айналмақ.
«Жыл сайын қаңтардың 12-сінде Димаш ағаның туған күнін ерекше атап өтуге тырысамыз. Мысалы былтырғы жылы Димекең туралы деректі фильм түсірдік. Ал биылғы жаңалық ? Д.А. Қонаевтың өзі мінген автокөлік бізге тапсырылып отыр. Көлік 16 жылдан бері гаражда қозғаусыз тұрған. Димаш ағаның туған күнін атап өту қарсаңында автокөлікті қайтадан қалпына келтіріп, мұражайға табыс ету ұйғарылыпты. Бұл мұражай үшін құны жетпес үлкен сыйлық. Өйткені бұндай жәдігер енді тек бізде ғана болады. Ол үшін Димекеңнің ағайын-туыстарына зор алғыс білдіреміз», дейді Б. Батталханов.Шетелдік Pontiac маркалы осы автокөлікке қайраткер өмірінің соңғы жылында мінген екен. Салтанатты шарада жиналған туыстарының атынан сөз алған Эльдар Қонаев бұл темір тұлпармен Д.А. Қонаевтың Қазақстанның оңтүстік өңірлерін аралағанын еске алды.