Д. Ахметов тарбағатайлықтарға балық аулау бойынша жаңа жүйені таныстырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов Тарбағатай ауданында іссапармен болып, балықшы ауылдардың тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Аltaynews.kz.

Аудандағы Тұғыл және Байтоғас ауылдарының халқы балық аулайды. Әсіресе, Байтоғас ауылында 600-ден астам адам осы кәсіппен отбасын асырап келеді. Ал Тұғыл ауылының балықшылары «Рыбаки Зайсана» атты өндірістік кооперативке бірігіп, жұмыс істегендеріне 15 жылдан астам уақыт болған.

Аудан әкімінің орынбасары Сәумен Жақаевтың айтуынша, өндірістік ұйым 300 адамды жұмыспен қамтып отыр. Әзірге кооперативке мүше 175 адамнан тек 40 балықшы ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.

Облыс әкімі Даниал Ахметов әуелі Тұғыл ауылындағы «Рыбаки Зайсана» кооперативінің өндіріс ошақтарын аралап, ондағы балық етін өңдеу цехының жұмысымен танысты. Кооператив ұжымымен кездесуінде облыс басшысы жаңа өзгерістердің қарапайым балықшы үшін қай жағынан тиімді болатынын егжей-тегжейлі түсіндірді.

«Бұрынғы жүйе қандай болғанын білесіздер. Балық аулау лицензиясы тек қолында өңдейтін цехы бар адамдарға ғана берілетін. Барлықтарыңыз сол цехтың иесіне жұмыс істеп келдіңіздер. Басқаша айтқанда, кооператив басшысына тура мағынасында тәуелді болдыңыздар. Биыл ауылға 842 тонна көлемінде шектеме бермекпіз. Бірақ бұл шектемеден кооперативке жеке кәсіпкер ретінде тіркелген әрбір балықшы үлесін алады. Ал егер кооперативтен шығатын болса, өзіне тиесілі үлесін бірге ала кетеді. Мұндай жүйені балықшылардың кооператив құрылтайшыларына тәуелділігін жою үшін ойластырдық.

Әрине, қалыптасқан жүйені өзгерту оңайға түспесі анық. Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрілігімен осы төңіректе тығыз жұмыс істеп отырмыз. Ал қарапайым балықшылар өз кезегінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, көл байлығын ынсаппен пайдалануы қажет», - деді облыс әкімі.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі әр балықшы жеке кәсіпкер ретінде міндетті салығын уақтылы төлеп, ауланған балықтың орнын шабақпен толтырып отырса, шектеме мөлшерін асырмаса, ешқандай тексеру кедергі болмайтынына сендірді.

Балықшылар құрал-жабдық алуға берілетін несиенің кепіл талаптарын орындау қиынға соғып отырғанын жеткізді. Бұл мәселені шешу аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев пен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалының өкілдеріне жүктелді.

Соңғы жаңалықтар
telegram