Д.Амантай: «Құнанбай» - ұлттық ауқымдағы фильм
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазмедиа» орталығында қазақтың ұлы ақыны Абайдың әкесі - Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінен сыр шертетін «Құнанбай» тарихи фильмі бұқаралық ақпарат құралдары үшін арнайы көрсетілді.
«Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Құнанбай» туындысын жарыққа шығарды. Фильмнің режиссері Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Досқан Жолжақсынов», - деді бүгін фильм көрсетілімінен кейінгі брифингте «Қазақфильмнің» вице-президенті, бас редакторы Дидар Амантай.
Оның атап өтуінше, Құнанбай образы - өте күрделі образ. Ол орыстың низамын, дала тәртібін және шариғат жолын қатар ұстанған, ел басқарған, қазақты ілгері оздырамын, ел қыламын деп еңбек еткен аяулы тұлға.
«Құнанбай образы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан көрінеді. Бірақ, Досқан ағамыздың фильмі «Абай жолының» желісі бойынша емес, Құнанбай туралы деректерден құралған сценарий. Бұл - ұлттық ауқымдағы фильм. Бұл романтикалық сарындағы сағынышқа толы фильм. Бұл - даланың сол кездегі алмағайып заманда, жаугершілік дәуірі аяқталып, қазақтың жаңа заманға аяқ басқан кезіндегі Абайдың дәуірін айқындайтын фильм», - деді ол.