«Д» аралынан «Болашақ» кешеніне дейінгі құбырларды ауыстыру 2016 жылдың 2-жартысында дейін аяқталуы тиіс - С.Мыңбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Д» аралынан «Болашақ» кешеніне дейінгі аралықтағы құбырларды ауыстыру жұмыстары 2016 жылдың екінші жартысында аяқталуы тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев айтты.
«Қашаған құбырына қатысты айтарым, сәйкесінше келісімшарт қазірдің өзінде жасалды. Қалай дегенде де, шешімді мердігерлер, яғни, 6 компания қабылдады. Жобаға қатысушылар бұл келісімшартты мақұлдады. Менің түсінгенімше, құбырларды төсеу - көп жұмысты қажетсінеді. Тапсырыс беру, жеткізу қажет. Ал бұл құбырлар осыған дейінгі сәтсіздікті ескере отырып, арнайы қоспадан жасалған. Онда дәнекерлердің арнайы техникасы қолданылады. Дегенмен, бір сөзбен айтқанда «Д» аралынан «Болашақ» кешеніне дейінгі аралықтағы құбырларды ауыстыру жұмыстары 2016 жылдың екінші жартысында аяқталуы тиіс», - деді ол.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жасалған жұмыстарды, рәсімделген келісімшарттарды ескерер болсақ, жобаны белгіленген мерзімді жүзеге асыруға мүмкіндік бар.
«Құбырды төсеуге қатысты шығындарды Қазақстан тарапы өтемейді. Бұл - 2008 жылы қол қойылған қосымшаға сәйкес жайт. Бұл консорциум шығындары. Оны Қазақстан өндірілген мұнай есебінен қайтармайды. Сондықтан да консорциум бұл жобаны мерзімінде әрі аз шығындармен жүзеге асыруға мүдделі»,- деді С.Мыңбаев.