Д. Ерғожин: Қазақстанда «көлеңкелі» экономика деңгейі төмендеп келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «көлеңкелі» экономика деңгейі төмендеп келеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті.
«Өткен жылмен салыстырғанда, Қазақстан Республикасының табыс деңгейі ЖІӨ-ге шаққанда 0,3 базистік пунктке өсті. Бұл ретте «көлеңкелі» экономика қысқарғандығын атап өткен жөн»,-деді комитет басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде болжамдық көрсеткіштерді артығымен орындау байқалып отыр.
«Көлеңкелі операциялар, жалған құжаттарды пайдалану немесе жалған фирмалар қысқарды. Олар корпоративті табыс салығының және қосылған құн салығының төленуі деңгейін төмендетіп отырған еді. Бүгінде негізгі өсім осы екі салық түрімен қамтамасыз етіліп отыр. Сәйкесінше, бизнес осы дұрыс бағытта жұмыс істеуді бастады», - деп атап өтті Д. Ерғожин.