Д. Гааг: 10 жылдан кейін болатын жарыстарға жоспар құру қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық триатлонның ең танымал өкілі Дмитрий Гааг әуесқой және кәсіби спорттың байланысы мен триатлоншылардың жаңа буыны жайлы пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Д. Гааг: 10 жылдан кейін болатын жарыстарға жоспар құру қажет

Ғасырлар тоғысында Қазақстан әлемге бокс, велоспорт, ауыр атлетика, күрес және триатлон спортымен танымал болды. 1999-2004 жылдар аралығында отандасымыз Дмитрий Гааг әлем чемпионы, Әлем Кубогының екі дүркін иегері атанып, әлемнің ең үздік триатлоншысы атанды. Олимпиада ойындарында жолы болмаса да бағындырған белестері көп еді. Спортшының айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің триатлон спортындағы жағдай өте ұқсас.

«Бірақ қазір Олимпиададан алтын аламыз деп армандау ерте. Бұл спортта бәрін ақ парақтан бастау керек. Қазіргі алты жасар балаларға 2028 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы деп қарауымыз керек. Бүгінгі жарыстарды емес, 10 жылдан кейін болатын сайыстарға жоспар құру қажет»,- дейді, Дмитрий Гааг.

Қазір қазақстандық спортшы Ресей мен Санкт-Петербургта триатлон жаттықтырушысы болып қызмет етіп жүр.

«Мен туған жерімде бұл спорттың дамып келе жатқанына қуанып отырмын. Астана қаласы әлемдік триатлонның астанасына айналып келеді. Қазақстандағы ең мықты триатлон мектебі Көкшетауда тұрақты жұмыс істеп тұр. Ал жуырда құрылған триатлон федерациясы спорттың дамуына үлкен үлес қосатынына сенімді. Ең бастысы мектептер арасында жарыстарды үдетіп, жас буынның дайындығына көңіл аудару қажет. Ал 5-6 жасар балаларды жүзуге үйрете беру керек. Триатлонда суда жүзу өте маңызды. Спортшы жүзу жарысында алға шықса жүгірумен веложарыста оңай болады. Қазір елімізде әуесқой триатлон жақсы дамып келеді. Қазақстандық спортшылар Ironman және Half-Ironman әуесқой турнирлерінде топ жарып жүр. Демек бұл спорттың болашағы бар», - деп бапкер сөзін қортындылады.