Д.Козлов ауруханадан тергеу абақтысына ауыстырылды
АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ақмола облысында орын алған ірі жол апаты кезінде 16 адамның мерт болуына кінәлі деп танылып отырған Дмитрий Козлов бүгін елордадағы тергеу абақтысына ауыстырылды.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ақмола облыстық ІІД басшысының баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчук мәлім етті.
«Қазіргі уақытта ол Астанадағы медициналық мекемелердің бірінде емделгеннен кейін тергеу абақтысына ауыстырылды. Екі айға дейін тұтқынға алу шарасы қабылданды. Ол бір аптаға жуық емделген болатын. Ем қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін Д.Козлов бірден Астана қаласының тергеу абақтысына қамалды», - деді ол.
Жол-көлік апатына кінәлі 34 жасар Д.Козловқа қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Біріншісі, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы - екі және одан да көп адам өліміне әкеліп соқтырған жол жүру ережелерін бұзу әрекеті, екіншісі, 297-бап - оқиға болған жерден қашып кету.
Естеріңізге сала кетейік, тамыздың 19-ы күні Алматы - Екатеринбор тас жолының 1309 шақырымында ірі жол-көлік апаты болды. Жүк машинасын басқарған Астана қаласының тұрғыны Д.Козлов жолдың қарсы жақ бетіне шығып кетіп, жолаушылар автобусымен соқтығысты. Автобустың артында келе жатқан «Audi-100» көлігі де апатқа ұшырады. Осы жол-көлік апатында 16 адам қаза тауып, 20-дан астамы түрлі жарақаттар алды. Оған кінәлі Д.Козлов оқиға орнынан қашып кеткен болатын.