Д. Назарбаева елордадағы № 81 сайлау учаскесінде дауыс берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан № 81 сайлау учаскесіне келіп, ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауында дауыс берді.
Айта кетейік, осы учаскеге бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртай Әбіқаев, Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков келіп, таңдау жасады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін 9840 сайлау учаскесінде дауыс беру өтеді, мұнан бөлек шетелде 65 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Жалпы, 9 791 165 қазақстандық дауыс берушілер тізіміне енгізілген.
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің 98 депутаты, сондай-ақ облыстық, Астана, Алматы қалалық мәслихаттарының 550 депутаты, қалалық мәслихаттардың 625 депутаты және аудандық мәслихаттардың 2160 депутаты сайланады.
Саяси додаға барлығы алты партия - «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және «Бірлік» саяси партиясы қатысып жатыр.