Д.Назарбаева: Ішкі нарықты толық қамти алмай, ет экспортын дамытудың қажеті қанша?
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі нарықты толық қамти алмай, ет экспортын дамытудың қажеті қанша? Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті отырысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке осындай сауал қойды.
«Біз ет экспорты әлеуеті жайында айтамыз. Алайда, импорт өзінің көлемі жағынан экспорттан 16 есеге асып түседі. Олай болса, біздің етімізді экспортқа шығарудың қажеті қанша? Әлде елде валюта жетіспей ме?», деп сұрады Д.Назарбаева баяндама жасап орнына жайғасқан министрден.
Өз кезегінде министр ет экспорттауда әлемде көш бастап тұрған АҚШ, Канада және басқа да бірқатар Еуропа елдерінің ірі ет импорттаушы мемлекет те болып табылатынын көлденең тартқан еді.
«Мәселен, бүгінде АҚШ шамамен 600 мың тонна сиыр етін экспортқа шығарады және шамамен 600 мың тонна етті импорттайды. Бұл ретте де мұның сыры неде деген сұрақ туындайды. Экспорт біздер үшін өмірлік қажеттілік. Өйткені, біздің әлеуетіміз қазіргі уақытта өндіретінімізден біршама артық. Бүгінде біз жылына шамамен 400 мың сиыр етін өндіреміз. Біздердің кемінде екі есе көп өндіруге қауқарымыз жететіндігін есептеп шығару қиын емес. Біздің нарық дәл осыншама көлемді тұтынады. Егерде біз экспортты ұлғайтпай өндіре беретін болсақ, онда баға құлдырап, жыларман халге түседі»,- деді А.Мамытбеков.
Алайда министрдің алға тартқан мұндай уәжімен Д.Назарбаеваны сендіре алмады.