Д.Назарбаева мектептегі спорт залдарын ауыл азаматтарының да пайдалануына беруді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева мектептегі спорт залды ауыл азаматтарының игілігіне жаратуға мүмкіндік жасауды ұсынды.

Д.Назарбаева мектептегі спорт залдарын ауыл азаматтарының да пайдалануына беруді ұсынды

«Ауылда спорт қалмады десе де болады. Әрине, министрлік спорттық-сауықтыру кешендерін салайық деп айтып келеді. Бірақ ондай жобаларға қазір жергілікті атқарушы органдарда қаражат табыла қоюы екіталай», - деп атап өтті Д.Назарбаева министрліктің алқа мәжілісінде.

Оның еске салуынша, ауыл мектептердің еншісінде спорттық инфрақұрылымдар бар.

«Бұл жұмысты келісіп, былай ұйымдастыруға болар еді: кешке мектеп оқушылары сабақтарын аяқтағаннан кейін, ол залдарды спортпен шұғылданғысы келетін ауыл азаматтарына тегін ашылатындай жасаса. Әрбір әкіммен келісу қиын болмайтын шығар, себебі залға спорттық жарақтар сатып алуға көп қаражат талап етілмейді», - деп атап өтті вице-премьер.

Д.Назарбаеваның пікірінше, қазіргі уақытта дене шынықтыру және спорт нысандарын халыққа қолжетімдірек ету қажет.

«Егер Сіздер өлім-жітім мен ауру көрсеткіштері бойынша статистикаға қарайтын болсаңыздар, жаға ұстайсыз. Біздің азаматтар өзін-өзі өлтіріп жатыр десе де болады. Себебі, оларда бұл жөнінде білім жоқ. Сосын олар өздерінің ағзаларын аямай құртудан жасқанбайды», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

«Біздің елде бар барлық спорт кешендері мен ғимараттар, сарайлар кез келген адамға есігін ашуы керек. Студенттерге, мектеп оқушыларына, зейнеткерлерге, мүгедектерге арнап, тарифтердің қолжетімді кестесін қамтамасыз еткен жөн. Бұл ережелерді меншік формасына қарамай бірыңғай, барлығына ортақ ету қажет. Барлығы қолдайды деп есептеймін, спорттық кешендердің иелері келіседі, тек олармен сөйлесу қажет», - деп түйіндеді сөзін Д.Назарбаева.