Д. Омашұлының мемлекеттік тілде заң жазу мәселесінің проблемаларына арналған жаңа кітабы шықты

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Дәуітәлі Омашұлының «Нормативтік құқықтық актілер және оларды мемлекеттік тілде әзірлеу» атты жаңа кітабы жарық көрді.

Д. Омашұлының мемлекеттік тілде заң жазу мәселесінің проблемаларына арналған жаңа кітабы шықты

Аталған жинақты Алматы қаласындағы «Толғанай Т» баспасы шығарған.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлының бұл еңбегінде нормативтік құқықтық актілер ұғымы мен түрлері, заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындаудың өзекті мәселелері жан-жақты сөз болған.

Сондай-ақ автор заң актілерін әзірлеудегі сөздік технологияның маңызы және заңнаманы дайындау әдістемесі туралы жеке тоқталған. Кітап авторы мемлекеттік тілдегі заңдармен жиырма жылдан астам Парламентте жұмыс істеп келе жатқан білікті маман ретінде ұлттық заңдарымызды әзірлеудің көкейкесті мәселелеріне зерттеу жасаған.

Атап өту керек, мемлекеттік тілде заң жазу мәселесінің бүкіл проблемалары жүйелі түрде алғаш рет жазылып отыр. Соның ішінде ұлттық заңнаманы әзірлеу тілі, заңнама және ресми аударма, заңнама және терминология мен терминография сияқты өзекті мәселелер қамтылған.

«Бұл жұмыстың мақсаты - заңнаманы мемлекеттік тілде әзірлеу сияқты қазір егемен елімізде аса өткір сипатқа ие болып отырған мәселенің шешімін табуына шама-шарқымызша үлес қосу. Заң дайындау ісінің көптеген сатылары болатыны белгілі. Заң жобасын мемлекеттік тілде әзірлеуді қолға алған сәттен бастап оған Президент қол қойғанға дейін барлық сатыларда әзірлеушіден не талап етіледі, түптеп келгенде, қазақ тіліндегі заңнаманың сөздік технологиясына қойылатын талаптар қандай? Кітапта осы мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндіруге тырыстым. Бұл бұрын ешкім дендеп зерттемеген мәселе»,- дейді Дәуітәлі Омашұлы.