Д. Үстембаев Сағадат Нұрмағамбетовтің жүлдесі үшін ұйымдастырылған халықаралық турнирдің ең үздік боксшысы атанды
АЛМАТЫ. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы,
Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің жүлдесі үшін ұйымдастырылған 14-ші халықаралық турнир өз жалауын түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Достық спорт кешенінде өткен бұл дүбірлі дода 3 күнге созылды. 10 елден 150 былғары қолғап шебері қатысқан жарыста қазақстандықтар 11 салмақтың 9-ында топ жарды. Олар - Олжас Сәттібаев (51 кг), Міржан Рахымжанов (54 кг), Мәди Шолақов (57 кг), Берік Әбдірахманов (60 кг), Айдар Шәрібаев (64 кг), Бақытжан Қожабеков (69 кг), Қанат Тәуірбаев (75 кг), Данияр Үстембаев ( 81кг) пен Ермек Үсенов (+ 91кг). Ал қонақтардан 48 киләда үндістандық Нанао мен 91 киләға дейінгі салмақта сириялық Мұхаммад Хоусун үздік шықты. Олар ақтық сында қазақстандық Теміртас Жүсіпов пен Нұрлан Нұрсейітовтен басым түсті.