D және E санатындағы отбасы санын азайту бойынша әкімдердің рейтингісі әзірленеді
АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық карта негізінде D және E санатындағы отбасы санын азайту бойынша әкімдердің рейтингісі әзірленеді. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

- 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап Цифрлық карта арқылы проактивті форматта жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тағайындалады. 2024 жылдың басынан бері 1,3 млн адамға қызмет көрсету жөнінде SMS хабарлама жіберілді. Оған жауап берген 561 мың адамға қызмет проактивті түрде көрсетілді. Сонымен қатар Цифрлық карта мемлекеттік органдар мен әкімдерге өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеу кезінде талдау жүргізуге мүмкіндік береді, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының атап өтуінше, Цифрлық карта негізінде D және E санаттарындағы отбасылар санын азайту бойынша әкімдердің рейтингісі (кедейлік, жұмыссыздық, халықтың жасырын жұмыспен қамтылуы, отбасылардың әлеуметтік әл-ауқаты деңгейі және т.б.) әзірленіп жатыр.
- Аталған рейтингке мониторинг жүргізу үшін Цифрлық карта деректерін жүктеу функционалы іске асырылды. D және Е санатын төмендету үшін әкімдерге ақпараттық жүйелерде адамдардың деректерін (МӘМС жүйесімен қамту, балалардың балабақшалар мен мектепке тіркелуінің болмауы; NEET жастар саны және т.б.) өзектендіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтерді өзектендіру бойынша жұмыстар жалғасуда, - деді Премьер-Министр.
Айта кетейік, отбасының (адамның) әлеуметтік саламаттылығын айқындау әдістемесіне сәйкес, Цифрлық карта экономикалық, әлеуметтік және тұрғын үй жағдайлары, денсаулық сақтау, білім беру бойынша отбасының әл-ауқат деңгейін бағалайды және отбасыларды 5 санат (А – жақсы деңгей, В – қанағаттанарлық деңгей, С - төмен деңгейде, D – дағдарыс деңгей, Е-мүшкіл деңгей) бойынша бөледі.
Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берген азаматтардан кірістері мен шығыстарын тексеруге келісіміналу тетігі енгізілетіндігін жазған едік.