Дағдарыс орталықтарының рөлі артып келеді – Зульфия Байсақова

Зульфия Байсақова
Фото: Facebook / Зульфия Байсақова

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заңға қол қойды. Оның басым бағыттары туралы дағдарыс орталықтары одағының төрағасы Зульфия Байсақова айтып берді.

Оның айтуынша, заңдағы түзетулер әйелдер мен балалардың құқықтарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған.

– Аталған түзетулер бірқатар баптың әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске көшірілуіне, сол арқылы отбасылық-тұрмыстық қатынас бағытында жасалған қылмыс үшін жазаны қатаңдатуға әсер еткенін атап өткім келеді. Атап айтқанда, енді өз жақындарына қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездік және ұрып-соғу әрекеттері қылмыс ретінде қарастырылады және келтірілген дене жарақаттарының ауырлығына байланысты 15 және одан жоғары жылдар бойы бас бостандығынан айыру жазасы қолданады, - деді Зульфия Байсақова.

Десе де, жазаны қатаңдатумен қатар, агрессорларға психологиялық көмек көрсетілмек.

– Енді денсаулық сақтау жүйесінде түзету бағдарламалары түрінде психологиялық қолдау ала алатын агрессорларға көмек көрсету ұсынылатын болады. Бүгінде агрессорлармен жұмыс істеу стандарттары мен модульдерін әзірлеу міндеті тұр, - деп атап өтті одақ төрағасы.

Оның айтуынша, жаңа түзетулерге сәйкес, ашуын ақылмен жеңбеген агрессордың баспанасы бар-жоқтығы назарға алынбай, үйден қуылады.

Спикер заңнамадағы өзгерістер отбасылық зорлық-зомбылық құрбандары мен олардың балаларына қолдау көрсететін дағдарыс орталықтарының рөлін күшейтетінін атап өтті. Сондай-ақ, өңірлерде отбасы институтын дамыту мақсатында отбасын қолдау орталықтары құрылатын болады.

Қорытындылай келе, Зульфия Байсақова құқық қолдану практикасына енгізілген өзгерістердің тиімділігін бірнеше айдан кейін бағалауға болатынын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар