Дағдарыс әлі бітпегендіктен банктер өздерінің экономиканы реттеу тетіктерін атқара алмай отыр
Бұл Ұлттық банк басшыларының бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан халық банкінің дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында үкіметтен алған қаражатын қайтару туралы тілегі қандай жағдай болмасын жағымды жағдай. АҚШ-та да үкіметтен алған қаражатты кейбір банктер толық қайтарса, кейбірі белгілі бір бөлігін қайтарады. Қазір Қазақстанның банк секторында өз міндетін дер кезінде орындау қабілеті (ликвидтік) жүріп жатыр. Біз бұл туралы бұған дейін де бірнеше мәрте мәлімдедік. Біз екінші деңгейлі банктердің Ұлттық банкте ұстап отырған 12 миллиард доллар көлеміндегі қаражатының нақты секторды несиелеуге қолданылғанын қалаймыз», дейді Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко. Оның айтуынша, екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банктегі корреспонденттік шоттағы ақшалары тегін болады. Ал депозиттегі ақшаларының тек 1 пайыз ғана өсімі бар.
«Банктер әлі дағдарыс бітпегендіктен, өздерінің экономиканы реттеу тетіктерін атқара алмай отыр. Оған біріншіден активтерінің сапасының әлсіздігі және нақты сектордағы кәсіпорындардың несие алу мұқтаждығының олардың талабына сай келмеуі түрткі болып отыр», дейді Ұлттық банктің Астана қаласындағы Үйлестіру департаментінің директоры Ерұлан Жамаубаев.