Дағдарыс дендеген уақытта Парламентке қайратты, жаңа леп келгені құптарлық - Н. Айтұлы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дағдарыс дендеген уақытта Парламентке қайратты, жаңа леп келгені құптарлық. Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауы туралы депутаттардың бастамасына орай, ҚазАқпарат тілшісіне пікірін білдірген ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері, ақын Несіпбек Айтұлы осылай деді.
«Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастаманы саясаткерлер, экономистер, сарапшылар бәрі дұрыс шешім деп қабылдап жатыр. Сайлаудың ұтымдылығын айтатындар да бар. Саралап қарасақ, шындығында бұның еліміз үшін оңтайлы тұсы баршылық. Өйткені, бүгін Елбасы айқындаған Ұлт жоспарының өзектілігі арта түсуде. Дағдарыспен күресте де бұл реформалар өзінің септігін тигізетіні сөзсіз. Сол жағынан зерделесек, халық билігінің өкілдері ретінде Парламентке қайратты, жаңа леп келуін жұрт күтеді», - деді Несіпбек Айтұлы.
Оның сөзіне қарағанда, күзді күтпей мерзім жағынан сайлауды жылжытудан бюджет қаражатын үнемдеуге болатыны да анық. «Депутаттар бас-басына сайлау өткізгеннен гөрі, бірден мәслихатты да қоса өткізуді ұсынды. Бұл да жөн. Өйткені, қазіргі заман кез келген мәселенің үнемділігін сұрайтын уақыт», - деді ол.