Дағдарыс кезінде де көрерменнің көзайымына айналатын кинолар шыға береді - Асанәлі Әшімов
;АЛМАТЫ. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі халықаралық деңгейге шықты. Қатысушы мемлекеттердің саны өсіп, географиясы кеңіді.
Кинофестиваль жылдан жылға алдыға қарай үлкен қадам жасап, белсенді бағыт ұстап келеді. Бұл туралы бүгін Алматыда кинофестивалдің ашылу салтанатына орай өткізілген баспасөз мәслихатында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры, философия ғылымдарының докторы Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бұл кинофестиваль - жас киногерлерге қолдау көрсететін шара.
«Жер бетіне көктем келді, ол дегеніміз фестиваль келді, яғни алыс-жақын шет елдерден келген жас кинематографистердің басы қосылып, кездесулері өтеді деген сөз. Кино саласының ең үздік мамандары өз жұмыстарын көрсетіп, халықаралық деңгейдегі жарыстарға түсуге мүмкіндік алады. Біз еш нәрсеге, тіпті дағдарысқа қарамастан алдыға қарай жүріп келеміз және дұрыс бағытпен келеміз. Бұл фестиваль ең алдымен - жас таланттар байқауы. Сондықтан, биылғы жылы да жаңа есімдердің ашылатындығына және бұл фестиваль кинематографистерді жаңа ізденістерге ынталандыратына күмәнім жоқ», деді Алматы Халықаралық кинофестивалінің Бас директоры Венера Нығматуллина. Оның айтуынша, биыл халықаралық кинофестивальдің мерзімі 5 күннен 3 күнге қысқартылғанымен, бағдарлама деңгейі мен сапасы сол қалпында қалған.
Баспасөз мәслихаты барысында «Шәкен жұлдыздары» Халықаралық кинофестивалінің президенті, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов: «Кино өмір бойы дағдарыста, соған қарамастан қаншама тамаша туындылар дүниеге келді. Сондықтан, дағдарыс кезінде де көрерменнің көзайымына айналатын кинолар шыға береді», деп атап өтті.
Фестивальдің ұйымдастыру комитетіне биылғы жылы 30 мемлекеттен 240 өтініш келіп түскен. Оның 35-і іріктеліп аланып, фестивальге «Дебют», «Жастар киносы», «Халықаралық панорама», «Ақпараттық көрсетілім» аталымдары бойынша қатыстырылады. Бұлардың 5-і қазақстандық фильмдер.
Бүгін кешке Республика сарайы алдындағы Абай алаңында кинофестивальдің ресми түрде ашылуы өтеді.