Дағдарыс кезінде саяси реформалар тез әрі жинақы өткізіліп отыруы керек - Б.Аяған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дағдарыс кезінде біздегі маңызды мәселе саяси реформалар тез әрі жинақы өткізіліп отыруы керек. Тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған бүгін таңертең өз уəкілеттілігін мерзімінен бұрын тарату туралы Президентке үндеу жолдаған Парламент Мəжілісі шешімі туралы осылай пікір білдірді.

Дағдарыс кезінде саяси реформалар тез әрі жинақы өткізіліп отыруы керек - Б.Аяған

«Бүгін, 2016 жылы 13 қаңтарда Қазақстанның саяси тарихында елеулі оқиға болып отыр. Себебі, дәл бүгін Қазақстан Республикасы Мәжілісінде, сол Мәжілістің үш фракциясының басшылары Мәжілістің өкілеттілігін мерзімінен ертерек тоқтату туралы және Мәжілістің жұмысын тарату туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдап жатыр. Жалпы, менің ойымша бүгінгі болып жатқан саяси оқиғаны қазақстандықтар сабырлықпен қабылдау керек. Саяси тарихта Парламенттің тарауы, оның қайта сайлануы сияқты оқиғалар болып тұрады. Елбасы үндеуді қабылдаса ҚР Конституциясы бойынша, 2 айдан кейін сайлау өтуі керек. Яғни, парламенттік сайлау наурызда өтеді»,-деп хабарлады Б.Аяған.

Осы орайда, Б.Аяған Парламент Мәжілісінің мерзімінен бұрын тарауы туралы шешім қабылдауына қатысты өз пікірін білдірді.

«Менің ойымша, бұл саяси үдерісте болып тұратын жағдай. Фракцияның жетекшілері Конституция негізінде осындай шешімге келіп отыр. Неге бұндай шешім қабылданды? Қазір әлемде болып жатқан үлкен өзгерістер бар. Оның барлығы әрине Қазақстанға әсер етіп отыр. Егер де біз сайлау үдерісі тым созылып кетіп, күзге жалғасып кетсе, ол мемлекетіміз үшін кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, дер кезінде сайлауды өткізіп алған дұрыс. Дағдарыспен біз қосыла күресуіміз керек. Дағдарыс әлемдік деңгейдегі дағдарыс. Жас мемлекет Қазақстан түгіл, Қытай, АҚШ, Ресей сияқты алпауыт мемлекеттердің өздері дағдарысқа тойтарыс бере алмай отыр. Осы жағдайда біздегі маңызды мәселе саяси реформалар тез әрі жинақы өткізіліп отыруы керек. Осы орайда, Елбасының айтып кеткен 5 институционалдық реформаны атап өту қажет. Мәжіліс өзін таратып отырса, Сенат орнында қалып, жұмыс істей береді. Сонымен қоса, наурыз айында жергілікті мәслихаттардағы сайлау қайтадан өтпекші. Бірақ олар өздерінің жұмыстарын жалғастыра береді»,-деп хабарлады Б.Аяған.