Дағдарыс жағдайында көрегенді басшысы бар ел бірінші кезекте ішкі мәселелерге көңіл бөлуі керек ? М.Көпеев
АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету дағдарыс жағдайында қолға алынуы тиіс басты мәселелердің бірі. Елбасы Жолдауында осы проблемаға баса назар аударылуы тегін емес. Өздеріңіз білесіздер, қазір Парламентте бюджетті нақтылауға қатысты заң жобасы қаралуда.
Онда кадрларды дайындау, қайта дайындау және тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге қажетті 140 миллиард теңгенің жайы да сөз болады. Жолдауды насихаттау барысында біз көбіне осы мәселеге екпін түсіруіміз керек. Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев бүгін Мемлекеттік басқару академиясының оқушыларымен кездесуінен соң журналистерге берген сұхбатында осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның пікірінше, жаһандық дағдарыс жағдайында көреген басшылары бар елдер мәселені шешуді бірінші кезекте елдің ішкі жағдайынан бастайды. Қытай елі 1999 жылы Оңтүстік Азия дағдарысында осылай әрекет етті. «Елбасының Жолдауында да ішкі мәселелер кеңінен көрініс тапты. Атап айтқанда, олар халыққа білім беру, денсаулық сақтау салалары мен жергілікті жолдарды жөндеу, әлеуметтік-мәдени бағыттағы нысандардың жай-күйі болып отыр. Бұл орайда еліміздің эспорттық әлеуетін арттыру мәселесінің де назардан тыс қалмағандығын ескеру керек», - деді Сенат депутаты.