11:50, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Дағдарыс жағдайында салық саясаты үйлесімді болуы шарт ? Ж. Кәрібжанов
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Дағдарыс жағдайында салық саясаты үйлесімді болуы шарт.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өз жұмысын бастаған Еуразия елдерінің фискалды сарапшыларының бесінші Жыл сайынғы семинарының ІІ сессиясының ашылуы барысында сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында өткен 2008 жылдың әлем елдері үшін ғаламдық дағдарыстағы туындаған жаңа толқындар бойынша есте қалғанын айта келе Ж. Кәрібжанов, бұның өзі дамыған және дамушы елдер үшін үлкен сынақ болғанын атап өтті.
«ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша, Қазақстан Үкіметінің қабылдаған шаралары, экономиканы жаңғыртудың жүйелі әрекеттері, сондай-ақ шапшаң үнқату жұмыстары негізінен әлемдік қаржы нарығындағы жағдайдың тұрақсыздығына қатысты болып, сыртқы факторлардың әсерін барынша азайтуға бағытталды. Осының өзі экономика тұрақтылығын қамтуға септігін тигізді, әрі қазіргі күні инфляция да белгіленген межеде сақталып отыр. Осыдан біраз бұрын дағдарыс құбылыстарының салдарын жою үшін Үкімет банктік секторға айтарлықтай қаржылық қолдау жасады. Жылжымайтын мүлік, шағын және орта бизнес саласы, агроөнеркәсіптік кешен мәселелері де мемлекет тарапынан қаржылық қамқорлыққа алынды. Осындай шараларды жедел атқару үшін Парламент қысқа мерзім ішінде дағдарысқа қарсы құқықтық реттеуді қамтамасыз ететін 20-дан астам заң қабылдады», деді Төраға орынбасары.
Сонымен бірге, Қазақстанда дағдарыс жағдайында икемді фискалды саясат жүргізіліп отырғанын айтқан Ж. Кәрібжанов, бұның өзі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, ұлттық экономика үдерісінің бірден төмендеп кетпеуіне бағытталғанын атап өтті. «Әрине, ғаламдық дағдарыстан бір ортаға жұмылмай тұрып шығу мүмкін емес. Осыған орай, біз салық саясатының үйлесімді болуын тілейміз», - деді вице-спикер.
Естеріңізге сала кетейік, салықшыларды, қаржы мамандарының басын қосқан семинар «Салықтық ынталандыру ауқымындағы салық саясатының компоненттері» тақыбырына бағытталуда. Жыл сайынғы семинарға Қазақстан, Ресей, Украина, Әзірбайжан, Түрікменстан, Армения және Еуропалық Одақ елдерінің салық және экономика мәселелері бойынша үкіметтік және парламенттік сарапшылары қатысуда.