Дағдарысқа байланысты Балқаш ЖЭС жобасын қайта қарау керек - Бишімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағатында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Балқаш ЖЭС пен "Samsung" компаниясы арасында туындаған жағдай туралы айтып берді.

Дағдарысқа байланысты Балқаш ЖЭС жобасын қайта қарау керек - Бишімбаев

"Балқаш ЖЭС бойынша, келіссөздер қазір өткізілуде. Samsung компаниясымен қайтадан келісуге екі айдай уақыт бар. Біздің министрлікті бұл жоба бойынша алаңдататын мәселе - келешектегі тарифтер. Өйткені бұл стансаның құрылысы келешектегі тарифтердің ұлғаюына үлесі өте жоғары деп ойлаймын. Сондықтан тарифтерді қайтадан қарап, сол келіссөздерді арқылы тарифтерді жаңарту, әлде төмендету жолдары мен мүмкіндіктерін қарау керек. Біздің ұстанымымыз осындай", - деді министр.

Оның айтуынша, жобадан Samsung компаниясының бас тартуы қазақстандық тараптың кінәсі емес.

"Бұл қателік емес, бұл - өзгерген экономикалық жағдайда жобаға жаңа көзқараспен, жаңа жағдаймен қарап және сол болжаған параметрлерді қайтадан талдау, зерттеу. Сол жұмыстар осы екі айда келісілетін болады", - деп атап өтті Қ. Бишімбаев.

Айта кетейік, бұның алдында Samsung C&T Сorporation компаниясы Балқаш ЖЭС құрылысынан бас тартқан болатын. Аталмыш ақпаратты ҚР Энергетика министрлігі растады.

«Самұрық-Энерго» АҚ хабарламасына сәйкес, Samsung C&T Сorporation компаниясымен бірге жобаны аяқтау бойынша түбегейлі шешім әлі шығарылған жоқ. 2016 жылдың 31 тамызында Samsung C&T Сorporation-нан «Балқаш ЖЭС» АҚ акцияларын қазақстандық тараппен сатып алуын талап ететін сатылым опционын атқару туралы, сонымен қатар Samsung Engineering Co Ltd компаниясынан құрылысты жүргізу туралы келісімшартты бұзу туралы хабарлама келіп түсті», - делінген «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына берілген жауапта.

Министрліктің жазуынша, келісімшарт талаптарына сәйкес, қазақстандық тарапта 60 күн ішінде корейлік инвесторлармен қарым-қатынасты реттеуге мүмкіндік бар.