Дағдарысқа байланысты медициналық жоғары оқу орындарының студенттеріне әлеуметтік көмектер көрсетілуде

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Медициналық жоғары оқу орындарының 382 студенті қосымша білім гранттарына ие болды. Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылыми және адами ресурстар департаментінің директоры Нұргүл Хамзина мәлім етті,

Дағдарысқа байланысты медициналық жоғары оқу орындарының студенттеріне әлеуметтік көмектер көрсетілуде
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның атап көрсеткеніндей, қосымша білім гранттары студенттерді қолдау мақсатында Үкіметтің «Жоғары оқу орындарында білім алушылардың жекелеген санаттарына қолдау көрсету туралы» қабылдаған қаулысына сәйкес тағайындалды. 382 грант 3-ші және 6-шы курстарда оқитын оқу озаттарына берілді. Оның ең көбін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медициналық университетінің (146 грант) және Семей қаласындағы Медициналық университеттің (115) студенттері иеленді. Қаулыға сәйкес, сондай-ақ әлеуметтік жағынан әлсіз және тұрғылықты халық санатына жататын студенттерге ұзақ мерзімді жеңілдетілген білім беру несиелері беріле бастады. Жеңілдетілген несиелерді алуға 1 курс студенттері де үміттене алады. Несиелендіруді «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ» АҚ «Альянс Банк» арқылы жүзеге асырады. Барлық медициналық жоғары оқу орындарында ашылған хатшылықтар құжаттарды үстіміздегі жылғы тамыздың 1-іне дейін қабылдайтын болады.Сонымен қатар Департамент директорының айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық жоғары оқу орындарындағы оқу төлем ақысын өсірмей, былтырғы жылғы деңгейде қалдыруды ұйғарды. Ол - 263 мың теңге. Бүгінде еліміздің медициналық ЖОО-да 28 мыңнан астам студент білім алады. Оның 17 мың 500-і - гранттық негізде, 11 мыңнан астамы келісімшарт негізінде оқиды. Үстіміздегі жылы 2900 маманның бітіруі жоспарлануда. Ал дәрігерлердің тапшылығы 6 мыңды құрап отыр.