Дағдарысқа қарамастан білім саласына бөлінген қаражат 16 есеге өсті - Алматы әкімі Ахметжан Есімов
АЛМАТЫ. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан /- Үстіміздегі жылы қалалық басқарма бюджеті 29,5 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 миллиард теңгеге артық.
Ал, білім саласына бөлінген қаражат, дағдарысқа қарамастан 16 есеге өсті. Білім саласы қызметкерлерінің жалақысы 2009 жылы 20 пайызға өссе, биылғы жылдың сәуір айынан бастап 25 пайызға көтерілді, 2011 жылы тағы да 30 пайызға көтеру жоспарлануда. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі барысында Алматы қаласыныцң әкімі Ахметжан Есімов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бұл қаражат мектептердің материалдық-техникалық жағдайын едәуір жақсартуға және жаңа білім нысандарын қолдануға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, 3 мектеп пен 7 жаңа балабақша қолданысқа берілді. Биылғы жылы қыркүйек айында тағы да 2 балабақша пайдалануға беріледі. Ал, Елбасы тапсырмасы бойынша, "Жол картасы" бағдарламасы аясында өткен жылы 20 білім беру нысандары қайта жөндеуден өтсе, биыл 11 оқу ғимараты жөнделді", деді ол. Әкімнің айтуынша, Алматы көп жағынан еліміздегі білім саласында жетекші орталық болып қалуда. "Оның дәлелі ретінде біздің қала оқушыларының республикалық және ғылыми жобалық жарыстарда көрсеткен табысты жетістіктерін айтуға болады, сондай-ақ, биыл жақсы көрсеткіш көрсеткен ҰБТ нәтижесін айтқым келеді. Алматы қаласы өткен жылы бұл сынақта 8 орында болса, биыл 3-ші орынға шықты. Ол көп нәрсені білдіреді", деп атап өтті Ахметжан Есімов.
Қала әкімінің айтуынша, бүгінде қалада 181 мектеп, 175 балабақша, түрлі деңгейдегі және меншіктегі 169 оқу орны бар. "Бүгінде қаланың 70 мектебі инновациялық әдіспен оқытуды енгізудің сынақ алаңы болып табылады. Ал, мектептердің 74-і жаңа типтегі мектеп", деді ол.
Алматы әкімі, жиын барысында қаланың білім беру жүйесіне бірнеше міндеттер жүктеді. "Алматы қаласындағы 20-дан аса кәсіптік-техникалық орта білім мен колледждерде кадрларды дайындау сапасын арттыру қажет. Олар, еңбек нарығының қажеттілігіне жауап бере алатындай болуы керек. Барлық білім алу ошақтарында қазақ тілінің оқытылуына баса назар аудару қажет. Ең басты міндет - тәрбиелі, интеллектуалды, мәдениетті, өз қаласы мен қоршаған ортаны сүйетін, салауатты өмір салтын құруға талпынатын баланы тәрбиелеп өсіру қажет", деп атап өтті қала басшысы.
Ахметжан Есімов кеңес барысында Үкімет тарапынан білім саласына ерекше назар аударылатындығын айта келіп, "87 мұғалім мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алса, "100 мектеп, 100 емхана" бағдарламасы бойынша, 60 педагог пәтерлі болды. Келесі жылдың ортасына дейін, біз 260 мұғалімге пәтер кілтін табыстауды жоспарлап отырмыз", деді.