Дағдарысқа қарсы бағдарламалар 50 мыңдай қазақстандыққа жұмыс беруі керек - Премьер-Министрдің орынбасары С.Ахметов

ШЫМКЕНТ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Дағдарысқа қарсы бағдарламалар 50 мыңдай қазақстандыққа жұмыс беруі керек.

Дағдарысқа қарсы  бағдарламалар  50 мыңдай   қазақстандыққа жұмыс беруі керек -  Премьер-Министрдің  орынбасары  С.Ахметов
Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметов Шымкентке жасаған жұмыс сапарының барысында осы мәселеге ерекше тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Коммуналдық сала нысандарын - су, жылу және электр желілері мен кәріздерді қайта жаңартуға Үкімет 50 миллиардтай теңге бөліп отыр. Бұл салада шамамен 50 мыңдай жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Аталған бағыттағы бағдарлама еліміздің қалаларының коммуналдық шаруашылықтарын ретке келтіру және адамдарға жұмыс беру сияқты екі мақсатты көздеп отыр. Бірақ та жергілікті бюджеттердің инфрақұрылымдарды жөндеу жұмыстарын өз күштерімен атқара алуы екіталай. Дегенмен, бұл бағдарламаға жергілікті бюджеттердің қаржылай атсалысуы міндетті. Шымкентте жылу жүйелерінде жаңарту жұмыстарының жүргізіліп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. «Былтырғы жылдың өзінде желілерді жөндеу мен екі сорғы стансасының құрылысына облыстық бюджеттен 1 миллиардтан астам теңге бөлінді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде халық тарапынан шағым-арыздар 70 пайызға қысқарып отыр. Желілерді жаңарту жұмыстарын толық аяқтау үшін тағы 1 миллиард 700 миллион теңге қажет. Біз өтінім жасадық және бұл қаражатты коммуналдық сала нысандарын жаңартудың дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында алуға үміттіміз», - деді Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев. Коммуналдық проблемаларды шешудің мұндай жолын вице-премьер қолдап отыр. Бірақ та «бөлініп отырған қаржыны оңтайлы игеру және қаржылық есепті қамтамасыз ету жөніндегі әкімдіктердің жұмыстарын Үкіметтің өзі қатаң бақылайтынын» атап көрсетті.