Дағдарысқа қарсы кеңес - үкіметтік және үкіметтік емес құрылымдардың, бизнестің күш-жігерлерін біріктіруге арналған алаң
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарланғандай, наурыздың 10-ы күні аймақ әкімдерінің қатысуымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында бірқатар өзекті мәселелермен бірге, Дағдарысқа қарсы кеңес құру туралы мәселе қаралған болатын.
Үкімет Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлер форумы бастамашы болып отырған «Дағдарысқа қарсы кеңес құру туралы» қаулыны қабылдады.
Дағдарысқа қарсы кеңес Үкімет жанындағы консультативтік-кеңестік орган болады. Кеңесті Премьер-Министр басқарады ал оның жұмыс органы болатын Индустрия және сауда министрлігі ұйымдастыру мен техникалық қамтамасыз ету жұмыстарын атқаратын болатын. Бұл кеңесті құруға әлемдік қаржы нарығында қалыптасып отырған жағдай себеп болып отыр. Дағдарысқа қарсы кеңестің негізгі бағыттары мемлекеттік және жекеменшік серіктестік механизмін оңтайландыру, экономиканың бәсекеге қабілетті салаларын дамыту үшін жағдай жасау, сондай-ақ басқа да шаралар қарастырылған.Дағдарысқа қарсы кеңестің негізгі мақсаттары:
- үкіметтік және үкіметтік емес құрылымдардың, бизнес-қоғамдастығының күш-жігерлерін жұмылдыру жөніндегі ұсыныстар әзірлеу;
- мемлекеттік және жекеменшік серіктестік тетіктерін оңтайландыру;
- экономиканың нақты салаларын, іскерлік белсенділікті дамытуға жағдайлар жасау;
- жүзеге асырылып жатқан дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізу, оларды түзету жөніндегі ұсыныстар әзірлеп, енгізу болып табылады. Тағы бір айта кететін жайт, осы мәселені қарау барысында Үкімет басшысы облыстарда осындай кеңестерді құрып, оларды басқаруды әкімдердің өздеріне тапсырды.