Дағдарысқа қарсы кез келген бағдарламаның өзегінде адам мен оның мүдделері тұруы тиіс ? сенатор пікірі
АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Дағдарысқа қарсы кез келген бағдарламаның өзегінде адам мен оның мүдделері және үміті тұруы тиіс.
Сонда ғана біз дағдарысты еңсеріп, күш-жігерімізді жаңару мен жаңғыртуға бағыттай аламыз. Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев бүгін Мемлекеттік басқару академиясының оқушыларымен кездесу барысында осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы экономика мен әлеуметтік салалардағы қиындықтарды еңсерудің бірден-бір жолы күштердің бірігуі мен топтасуы екендігін және Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан шараларды қарапайым адамдардың мұқтажына жақындатып іске асыру қажеттігін айтты. Елбасының биылғы Жолдауы осы бағыттағы жұмыстардың бағыттарын нақты шаралармен қамтып, оларға тың серпін беріп отыр», - дейді сенатор. Оның пайымдауынша, «Нұр Отан» партиясын сайлау алдында көп азаматтар үміт артып қолдады. Ал бүгін партия өкілдеріне халықтың осы сенімін ақтайтын кез келді. «Қазір елімізде әрбір азаматтың өміріне ерекше көңіл бөлетін кез. Өйткені біз еліміздегі әрбір азаматтың бойына ертеңге деген сенімділікті, патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыра білуіміз қажет. Бізге тап осы сәтте мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен қоғам тұрақтылығына ерекше маңыз беру керек. Мұның барлығы әрқайсымызға және тұтастай алғанда барлық қазақстандықтарға байланысты биік азаматтық парыз», - деді М.Көпеев.