Дағдарысқа қарсы жүргізілген батыл реформалар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана клубының алғашқы отырысына келген АҚШ-тағы Джорджтаун университетінің Еуразияны, Ресей және Шығыс Еуропаны зерттеу орталығының директоры Анджела Стент осындай пікір айтты.
None
None

Шетелдік сарапшы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес институцоналдық реформасын» әлемдік дағдарыс кезеңіндегі ең батыл реформа деп атады. «Біз Астана клубының алғашқы отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтен Қазақстандағы жаңа бағдарламалық реформалар туралы естідік. Бәлкім қазір Қазақстанда қандай да бір реформалар іске асырылып жатқан болар. Бірақ менің ойымша, жаңа бағдарламалық реформа ең батыл қадам болып табылады. Өйткені әлемде энергетикалық нарықтардың құлдырауы орын алып, мұнай бағасы мен айырбас бағамының күрт төмендеуі болып жатқан кезеңде мұндай өте күрделі, өте көп реформаларды іске асыруға тәуекелге бел буу асқан батылдық деп санаймын»,- деп мәлімдеді Анджела Стент Астана клубының отырысынан кейін журналистерге берген шағын сұхбатында.

Оның пікірінше, әлемдік деңгейдегі жетекші сарапшылар басқосуының Астанада өтуінің ерекше маңызы бар. «Қазақстан бұл форумды өте керемет ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізді. Біз экономика, саясат, халықаралық қатынастар саласындағы кез-келген мәселені талқылағанда Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы көшбасшы мемлекет екеніне көзіміз жетті. Сонымен қатар, осы форумда Қазақстанның 2017 жылы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуға берген өтінішінің аса маңыздылығын атап көрсеттік»,- деді Джорджтаун университетінің зерттеу орталығының жетекшісі.

Ресейдегі Халықаралық істер жөніндегі Кеңестің бағдарламалық директоры Иван Тимофеев Астана клубында жария болған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің еліміздің сыртқы саясатына қатысты пікірін «үлгі боларлық пікір» деп атады. «Маған осы отырыста айтқан Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімовтің республиканың сыртқы саясаты туралы тұшымды пікірі қатты ұнады. Ол Қазақстанның сыртқы саясаты айналасындағы елдердің дамуы үшін барынша жағымды ахуал қалыптастырудан құралады деді. Менің ойымша, бұл өте конструктивті көзқарас. Ол басқаларға үлгі боларлық көзқарас деп санаймын» деді И. Тимофеев Астана клубының алғашқы отырысынан кейінгі БАҚ өкілдеріне берген шағын сұхбатында.

Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік Кеңесінің зерттеу орталығы жанындағы Еуропа және Азия елдерінің әлеуметтік даму институтының директоры Ли Фэнлинь Орталық Азия аймағындағы мемлекеттердің (олардың басында Қазақстан тұр) әлемдік дағдарысқа қарамастан, үздік экономикалық өсімге қол жеткізіп, саяси тұрақтылықты берік сақтаудан басқа елдерге үлгі болып отырғанын атап айтты.

Соңғы жаңалықтар