«Дағдарыстан қорықпайтын банк жүйесі енгізіледі» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 қараша, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
Кеше Парижде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Франция еліндегі ресми сапары басталды, деп жазады "Егемен Қазақстан" басылымы "Қазақстан-Франция: Ынтымақтастықтың жаңа деңгейі" атты мақалада.
Газеттің атап көрсеткеніндей, Елбасы бұл елге Франция Президенті Франсуа Олландтың шақыруымен келді.
"Ұлыбритания жеріндегі әңгіме мен келісімдер 12 миллиард доллардың айналасында қозғалғандығын кешегі күні жаздық. Сол секілді Франция жеріндегі сапарының алғашқы күнін де Елбасымыз осындағы бизнес шортандарымен кездесуден бастады", - делінген аталмыш материалда.
Солардың алғашқыларының қатарында Қазақстан Президенті Peugeot Citroёn компаниясы басқармасының төрағасы Карлос Тавареспен кездесті. Кездесуде компанияның Қазақстан автоөндірушілермен ынтымақтастығының перспективалары, еліміздегі қызметі және оның аясын кеңейту мәселелері талқыланды. К.Таварес Елбасына қазақстандық серіктестерімен екі жыл ішіндегі бірлескен жұмысы, дайын өнім шығару өндірісі және оны көрші елдердің нарығына экспорттау жоспарлары туралы айтып берді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Total» компаниясының бас атқарушы директоры Патрик Пуяннемен де кездесті. Кездесу барысында көмірсутек шикізатын өндіру саласындағы өзара ықпалдастықтың негізгі бағыттары талқыланды. Мемлекет басшысы компанияның Қазақстанда белсенді әрі ұзақ уақыт жұмыс істеп келе жатқанына, соның нәтижесінде сындарлы ынтымақтастық бойынша қомақты тәжірибе жинақталғанына назар аударды.
***
"Айқын" басылымы Қазақстанда жүргізуші куәлігінің оңды-солды сатылуы болашақта сап тыйылатынын жазуда. Оған «Жол жүрісі» туралы қолданыстағы заңнамаға енгізілетін жаңа түзетулер сеп болмақ.
"Кеше Мәжілісте «Жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіру» тақырыбында өткен алқасөзде Қазақстанда жүргізуші куәлігі туған күнге сыйлық ретінде ұсынылатыны айтылды. Мұны естігенде ТРАСЕКА халықаралық ұйымының «Жол қозғалысының қауіпсіздігі ІІ» жобасының басшысы доктор Алан Росстың өзі бас шайқап, қайран қалды", - деп жазады газет "Елдегi «Темір тұлпарлар» саны жылқыдан екі есе көп" атты мақалада.
- Автомектептер жүргізуші куәліктерін сататын болған, - дейді Қазақстанның көлік жүргізушілері одағының төрағасы Талғат Жанабаев. - Тіпті бұл куәлікті туған күнге сыйға тартады. Бұл - бізде қалыптасқан тәжірибе. Естігенім бар: «Міне, ұлым 18-ге толды. Біз оған көлікті және оған қосып, жүргізуші куәлігін сыйламақпыз» дейді. Ендеше, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен осы тәжірибемен қатал күресу керек!
Айтқандай, бұл ұсыныс ретінде қабылданды: қазір «Жол жүрісі» туралы қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізілуде. Ол бойынша жұмыс тобына шетелдік эксперт-мамандар да кіреді.
Талғат Мұқашұлының байламынша, Қазақстанда жүргізушілердің небәрі он пайызы ғана жол жүрісінің жаңарған, өзгерген ережелерін егжей-тегжейлі біледі. Қалғандары, оның айтуынша, «тұспалдап жүреді».
Оның тұжырымдауынша, куәлікті сатып алған «надан» жүргізушілердің көбеюі және тәжірибелі жүргізушілердің жаңа ережелерді білмеуі кесірінен жол-көлік оқиғаларының саны өсуде.
Оның үстіне, елімізде «темір тұлпарлар» саны таяуда тірі жылқылар санынан екі есе асып түсті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда 2 миллион 132,5 мың жылқы бар. Ал Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Кениспаевтың дерегінше, «темір тұлпарлар» қатары 4,5 миллионнан асып жығылды.
"Айқын" басылымының бүгінгі санында "Дағдарыстан қорықпайтын банк жүйесі енгізіледі" атты мақала жарияланды.
Дүниенің дегбірін қашырған жаһандық дағдарыстан әлемде бірде-бір ислам банкі зардап шеккен жоқ! Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов осыны ресми мойындады, деп жазады газет.
Сондықтан Үкімет өз елімізде исламдық қаржыландыруды ендіруге күш салатын болады. Әйтпесе, батыстық «құндылықтарға» сүйенген қазіргі коммерциялық банктер экономиканың көтерілуіне оң ықпал ете алмай отыр.
Сенаторлар кеше «Кейбір заңнамалық актілерге екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Ұлттық банктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірден екі оқылымда қабылдады. - Заң жобасы банктен қарыз алушы жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауды күшейтуді және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуді қарастырады. Сонымен бірге онда капитал нарықтарын және исламдық қаржыландыруды дамыту көзделеді. Заң жобасы бойынша енді валютада кіріс таппайтын адамдарға шетел валютасында ипотека беруге тыйым салынады. Төлем төлеу мерзімі ұзақ уақыт өтіп кеткен кезде бірінші кезекте негізгі борыш, тек соңғы кезекте банк салатын тұрақсыздық айыбы мен айыппұлдар өтелетін болады, - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
"Әйтпесе, банктер небір сорақылыққа баруда: қарыз болып қалған кейбір адам кейін сол борышын өтеу үшін қомақты сома енгізсе, онысы қарызды жабуға емес, төлем мерзімін өткізіп алғаны үшін салынған айыппұлдарды өтеуге бағытталады. Нәтижесінде, қарыз қала береді. Ол өтелмегендіктен, айыппұлдар да еселеп өсе береді. Соның кесірінен, банктерден алған шағын заемы ондаған, тіпті жүздеген миллиондық борышқа дейін ұлғайып, банкрот болған кәсіпкерлер де бар. Оның үстіне, кепілге қойылған қаншама кәсіпорын мен олардың мүлкі қазір ауыртпалық болып, банктердің мойнында тұр. Ұлттық банкке бұл күрделі проблеманы шешу жолын таппаса болмайды. Қарызгердің енгізетін сомасы алдымен негізгі борышты азайтуға жұмсалатыны туралы жаңа талап - осы бағыттағы игі қадамдардың бірі. Сарапшылардың байламынша, бұл норма бірнеше жыл бұрын өмірге жолдама алуға тиіс еді, бұл ретте ҰБ-ның қолын «мерзімінен кеш сермейтіні» байқалады. Осы олқылықты түзету үшін кеше сенаторлар кейінге қалдырмай-ақ, заң жобасын бір отырыс барысында бірден екі оқылымда қарап, қабылдауға шешті", делінген аталмыш мақалада.
***
Қазақстанда нанның айналасында қарбалас ұлғайғалы отыр, деп xабарлайды ресми тілде жарияланатын "Экспресс К" газеті.
Басылымның жазуына қарағанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа жылдан бастап елдегі "нөмірі бірінші" өнімнің бағасын мемлекет тарапынан субсидиялау доғарылатындығын xабарлады. Дегенмен нанның бағасы нарықтық меxанизмдердің реттеуімен өспеуі де мүмкін екендігін де атап өтті.
"Бірінші кезекте әңгіме "әлеуметтік кірпішке" қатысты болып отыр. Нан өнімдерінің басқа түрлерін ірі сатушылар баяғыдан ақ көтеріп келеді. Алайда xалықтық бөлке нандардың бағасы мемлекет бекіткен бағадан асырылмай келген болатын. Ол облыстық әкімдіктер мен Азық-түлік корпорациясының егін бастырылғаннан кейін бірден астықтың тұрақтаушы қорын толтырып отырудың арқасында мүмкін болып келді. Күзде бидай құны өте төмен болатын кезде сатып алынатын. Кейін оның бағасы күрт жоғарылар тұста арзан бағамен нарыққа шығарылатын. Әлемдік биржадағы бидай құнының қаншалықты жоғары болса да, елдегі ұн шығарушылар арзан бидай алып келді", дейді газет.
Ауыл шаруашлығының мәліметтері бойынша, 2009-2013 жылдары ұн тартушы кәсіпорындар мен наубайxаналар бидайды төмендетілген бағамен сатып алып отырды. Алайда өткен жылдан бастап, бидай өңдеушілердің шығындарының тек жартысын ғана субсидиялау шешім шығарылды. Өткен күзден бері мемлекет осы мақсатқа 11,5 млрд теңге бөлген. Толығырақ, "Как поплывет "кирпич" атты мақаладан оқи аласыздар.