18:24, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Дағдарыстан шығу үшін экономиканы нарықтық және мемлекеттік реттеудің оңтайлы жүйесіне көшу қажет ? К. Сағадиев
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Дағдарыстан шығу үшін экономиканы нарықтық және мемлекеттік реттеудің оңтайлы жүйесіне көшу қажет.
Бүгін елордада өтіп жатқан ІІ Астаналық Экономикалық форум жұмысында «Әлемдік экономикалық дағдарыс және оның мемлекет қауіпсіздігіне әсері» тақырыбындағы пікір алмасулар барысында депутат Кенжеғали Сағадиев осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экономикалық парадигма тұрғысынан жаңа үлгі қажет. Мен осындай жаңаша үлгіні ұсынбақпын. Біріншіден, бұл - халықаралық қаржылық-валюталық қарым- қатынастағы жаңа тетіктер мен ережелер, бұнымен қоса халықаралық құрылымдардың байланысын реттеу тетіктері. Екіншіден, жаңа әлемдік резервтік валюта. Бұны өз сөзінде ҚР Президенті Н. Назарбаев та атап өткен болатын. Үшіншіден, ресми догма ретінде монетаризмнен бас тартып, мемлекеттік және нарықтық экономиканы реттеудің оңтайлы тетігін пайдалану. Төртіншіден, өмір сүру мен әлеуметтік тәжірибені ұйымдастыруда күйтшілдік қағидаттардан бас тарту», деді депутат К. Сағадиев. Оның айтуынша, әлемдік экономикалық дағдарыстың бір себебі болып табылатын күйтшілдік-тұтынушылық қағидаттарын ұйымдастырып, жүзеге асырудың өзі жаппай ипотекалық және несиелік жүйеге қызмет етеді.