Дағдарыстан шығуға экономистермен қатар басқа салалардың мамандары да атсалысуы керек

АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Дағдарыстан шығу кезінде экономистердің ролі зор болғанмен өзге сала мамандарының көмегінсіз олар діттеген мақсатқа қол жеткізе алмайды.

Дағдарыстан шығуға экономистермен қатар басқа салалардың мамандары да атсалысуы керек
Оны бүгін Алматыдағы Қазақтың Тұрар Рысқұлов атындағы экономика университетінде Елбасының «Дағдарыстан - дамуға» деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел жиынына қатысушылар мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Экономистердің ролі орасан зор болғанмен, қазіргі экономикалық дағдарысты ахуалдан шығу олардың ғана қолындағы іс емес. Онда барлық сала кешенді түрде қамтылуы керек. Әлеуметтік жағдай, табиғатты қорғау, пайдалы қазбаларды игеру сияқты сан алуан мәселелердің бәрі ең алдымен кадрға келіп тіреледі. Ал бұл тетіктің тиімді жұмыс істеуі құзырлы мекемелердің дұрыс шешім қабылдай алуына байланысты», дейді ҚазЭУ-ның проректоры, экономика ғылымының докторы Асан Сәтмырзаев. Оның пайымдауынша, ғалымдарды дағдарысты алдын-ала болжай алмады деуге негіз жоқ. Үкімет тарапынан оны тоқтатуға әрекеттер жасалды. Атқарылған азды-көпті іс-шараларға қарамастан, әлемнің барлық елінде дағдарыс экономиканың барлық саласын дендеп алды. Сондай-ақ оның саяси қырын да жоққа шығаруға болмайды.