13:47, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Дағдарыстың салқыны 2009 жылдың күзіне қарай еліміздің көлік және коммуникация саласына өзінің теріс әсерін тигізеді деп күтілуде-С. Ахметов
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Әлемді шарпыған қаржы дағдарысының салқыны 2009 жылдың күзіне қарай еліміздің көлік және коммуникация саласына өзінің теріс әсерін тигізеді деп күтілуде. Бұл туралы бүгін аталмыш министрліктің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Серік Ахметов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, теміржол саласындағы қиын-қыстау кезең деңгейі тасымалдау көлемдері 10-15 пайызға төмендеген кезде туындауы мүмкін. Бұл өз кезегінде магистральдық желі бойынша инвестициялық бюджетті 2 есеге немесе 36,5 млрд.теңгеге шектеу қажеттігіне әкеп соғады. «Автожол саласындағы бұрын қабылданған дамыту жоспарларын қаржыландыруды 50 пайызға қысқарту шамамен 10 мың жұмыс орнының қысқаруын, ірі отандық жол-құрылыс компанияларының бірқатарының банкротқа ұшырауын туындатады, бұл саланың жинақталған жеті жылдық әлеуетінің жойылуына әкеп соғады», деді министр.
С. Ахметов бұндай жағдайға жол бермес үшін министрлік дағдарысқа қарсы шаралар әзірлегенін атап көрсетті. «Мәселені осылай қоюдың өзектілігі мынада. Біріншіден, көлік экономиканың маңызды құраушы бөлігі болып табылады және кез келген жағдайда қалыпты жұмыс істеуі тиіс. Екіншіден, салада 300 мыңнан артық адам жұмыспен қамтылған және олардың отбасы мүшелерін есепке алғанда, 1 млн. адамның тұрмыс жағдайының бақуаттылығы көлік саласының жай-күйіне тәуелді. Мәселенің осылай қойылуын негізге ала отырып, дағдарысқа қарсы шаралардың бірінші кезектегі мақсаты саланың тұрақты, үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, жұмыспен қамтуды сақтау және ұлғайту болып табылады», деді С. Ахметов.