Дағыстандағы бір мешітте атыс болып, артынан жарылыс орын алды

АСТАНА. 19 тамыз. ҚазАқпарат - Сенбі күні кешке атыс болған дағыстандық Хасавюрт қаласындағы шейіттердің мешітінде бүгін жарылғыш зат іске қосылды.

Дағыстандағы бір мешітте атыс болып, артынан жарылыс орын алды

Бұл туралы республикалық ІІМ хабарлаған. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер бар, деп хабарлайды РБК.

Құқық қорғаушылар берген мәлімет бойынша, мешітке екі жарылғыш зат қойылған. Олардың біреуі жарылды, екіншісін саперлер залалсыздандырды.

Сондай-ақ, кеше кешкісін мешітке баса-көктей кіріп, намазхандарға оқ жаудырған екі лаңкестің кесірінен 8 адам зардап шекті. Бұның алдында 6 адам жараланды деген ақпарат тараған болатын. Олардың барлығы Хасавюрттің Орталық ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендердің екеуінің  жағдайы ауыр, ал қалғандары аяқ-қолдарынан жарақат алған.

Шабуыл сенбі күні жергілікті уақытпен кешкі 20:55 кезінде болған. «Магидов көшесінде орналасқан шейіттердің мешітіне бетперде киген белгісіз екі адам келіп, намаз оқып жатқан адамдарға қарай оқ жаудырған», - деп мәлімдеді республикалық ІІМ.

Атыстан кейін қылмыскерлер мешіт ішіне жарылғыш заттарды жасырып, қашып кеткен. Оларды ізін суытпай ұстау мүмкін болмады. Қазіргі кезде лаңкестерді іздеуге барлық күш жұмылдырылған.

Хасавюрттағы қанды оқиға қасиетті Рамазан айы бітісімен келетін мұсылмандардың ең ұлық мейрамы - Ораза айт қарсаңында болып отыр.