Дакар 2015: Айдын Рахымбаевтың экипажы үздік ондықта келеді (ФОТО)
«Бұл ең ұзақ әрі оқиғаға толы күн болды. Таңғы 5:30-да тұрып, 6:30 сағатта күн шығыспен жарысты бастап кетті. Керуен бағзы Анд тауының қар басқан бұралаң тау жолдарымен көтеріліп келе жатқанда көздің жауын алатын әдемі көрініс болды. Тым үйреншікті емес көрініс. Керуен жарысты жалғастыру үшін Аргентинадан Чилиге бет алды. Анд - жәй ғана тау емес. Бұл алып таулы жон және біз оны бүгін тігінен кесіп өттік», - деп жазады А.Рахымбаев.
Оның сөзіне қарағанда, 3200 метр биіктікте экипаж бірінен соң бірі жарыс жолына шықты. Алғашқы 100 шақырым таулы иірім жолдар болған. Соңғы 120 шақырымдық жол Атакама шөлі арқылы өткен. Бұл әлемнің ең құрғақ шөлі.
«Біз жарысты 13-орында аяқтадық! Егер қателіктер мен дөңгелек ауыстыруға кеткен уақытты санамағанда бұл өте жақсы көрсеткіш. Бивуакқа жеткенімізде бізді overall-да жәй жаңалық емес, супержаңалық күтіп тұрды. Төрт күнгі нәтижеміз бойынша 9-орынға көтеріліппіз! Біз ондықтамыз!», - деп атап өтті ол.
А.Рахымбаевтың хабарлауынша, «Astana» командасынан Денис Березовский жарыстан шығып қалған. «Оның көлігі екінші күні шыдас бермеді», - деді А.Рахымбаев.
Осылайша, «Дакар-2015» жарысында Қазақстан намысын Astana Motorsports командасының екі жеңіл көлігі және бір жүк көлік қорғауда. Жол талғамайтын көліктер санатының Т1 класында MINI көлігінде - жүргізуші Айдын Рахымбаев пен штурман Антон Николаев, сондай-ақ Toyota Overdrive көлігінде Бауыржан Исабаев пен штурман Владимир Демьяненко бар. Жүк көліктері (Т4) санатында «Дакар-2012» бәсекесінің қола жүлдегерлері Артур Ардавичус, штурман Алексей Никижев пен механик Даниэль Козловский - жарыс жолында.