16:26, 10 Қаңтар 2015 | GMT +5
Дакар-2015: Айдын Рахымбаевтың көлігі жанып кете жаздады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» командасының экипажы Айдын Рахымбаев Дакар-2015-тегі алтыншы күннен кейін ТОП-10 ұстанымынан шығып қалды. Бұл туралы ол Фейсбуктегі жеке парақшасында жазды.
«Таңертеңнен бастап қырсық шалды. 400 шақырымдай лиазоннан өткен кезде, қозғалтқыш қорабынан май ағып кеткенін байқадық», - деп жазды А. Рахымбаев.
Екінші арнайы учаскенің басында қораптан аққан май тұғырыққа толып кетті. «Бір кезде күйген иісті сездік, көлік жанып кететіндей көрінді, дереу тоқтап, көліктен шығып, қолымызға өрт сөндіргішті ала шықтық. Абырой болғанда, от тұтанбапты», - деп жазған спортшы.
«Қораптан май әбден аққан. Жөндейміз деп, бір сағат жоғалттық. Дегенмен, мәреге жетіп үлгердік. Көлік жөнделеді ғой. Сөйтіп, жалпы есепте 13-ші орынға жайғастық. Бұл көрсеткіш бізге кедергі болмас, себебі үлкен жарыс әлі алда. Бірінші ондыққа қайта оралуға бар күшімізді саламыз», - деп түйіндеді ол.