«Дакардың» жалпы есебінде қазақстандық экипаж тағы екі сатыға көтерілді

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Чилидің Ла-Серена қаласында Эль-Сальвадордан бастау алған «Дакар-2014» ралли-марафонының 11-кезеңі мәресіне жетті, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

«Дакардың» жалпы есебінде қазақстандық экипаж тағы екі сатыға көтерілді

Жүк көліктері санатында қашықтықты төрт сағат он минут 24 секундта жүріп өткен голландиялық «Ивеконың» шабандозы Жерар де Рой жеңіске жетті. Екінші болып «КамАЗ-Мастер» командасының жүргізушісі Андрей Каргинов келді. Оның командалық әріптесі Эдуард Николаев үшінші орыннан көрінді.

Қазақстандық Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланеканың «Tatra» көлігі төрт сағат 57 минут көрсеткішпен 12-орыннан табылды. Бұл қазақстандық экипаждың жалпы есепте екі сатыға көтерілуіне мүмкіндік берді. Енді ол 14-ші орында.

Сондай-ақ «Proto Overdrive» көлігімен сайысқа түскен Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненконың экипажы 21-ші болып жетті. Ал Т2 тобындағы Денис Березовский мен Игнат Фальков мәреге 41-ші болып келді. Осы кезеңнен кейін Рахымбаевтың тобы жалпы есепте 18-ші, ал Березовскийдің экипажы 37-ші орыннан табылды.

Бүгін, 18 қаңтарда «Дакар» ралли-марафонының соңғы 12-ші кезеңі басталады. Жарыс Ла-Серенада басталып Вальпараисо қаласында аяқталады.